Атырау облысында экологиялық өтемақы аясында ағаш отырғызуға міндеттенген жер қойнауын пайдаланушылардың 90%-ы өз уәдесінде тұрмаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЭКОЛОГИЯ ҰМЫТ ҚАЛДЫ
Облыстық прокуратураның мәліметінше, 175 компанияның небәрі 10%-ы ғана экологиялық міндеттемелерін орындап, ағаш отырғызған. Қалғандары бұл талаптарды мүлде елемеген.
Тіпті ағаш отырғызған көптеген жер қойнауын пайдаланушылар кейін оларды күтіп-баптамаған. Соның салдарынан суарылмаған көшеттер қурап кеткен.
– Прокурорлық қадағалау актісі негізінде экологиялық рұқсат талаптарын орындамаған 38 кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы сомасы 12 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, – деп хабарлады прокуратура.
БАҚЫЛАУ ЖҮЙЕСІ ІСТЕМЕЙДІ
Тексеру барысында өңірде отырғызылған ағаштарды есепке алуға арналған электронды жүйенің іс жүзінде жұмыс істемейтіні анықталды.
Салдарынан Атырау облысы әкімдігінде өңірдегі 551 мың ағаштың нақты жағдайы туралы сенімді мәлімет жоқ, яғни олардың қаншасы өсіп тұрғаны, қаншасы қурап кеткені белгісіз.