30 шілдеге қараған түні Ресей Украина аумағына соққы жасады. Киев, Кривой Рог, Львов және басқа да қалаларда жарылыстар естілді. Кемінде 13 адам қаза тауып, ондаған адам жараланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Шабуылдың ең ауыр салдары Кривой Рог қаласының маңында тіркелді. Ресейдің «Искандер-М» баллистикалық зымыраны көпбалалы отбасы тұрған жеке үйге тікелей түскен. Салдарынан алты адам, оның ішінде екі бала қаза тапты. Тағы сегіз адам жараланды, олардың арасында екі бала бар.
Украина астанасы Киев те шабуылға ұшырады. Әуе дабылымен қатар қалада жарылыстар болды. Қаланың бірнеше ауданында зымыран қалдықтары құлап, өрт шыққан. Кемінде бір адам қаза тапқаны белгілі. Тағы екі адам жарақат алды.
Львовта екі көпқабатты тұрғын үй бүлінді. Кейінгі мәлімет бойынша, онда 15 адам зардап шеккен. Құтқарушылар үйінді астынан адамдарды іздеді.
Сондай-ақ соққылар Полтава және Киев облыстарына да жасалды. Онда бір адам қаза тауып, тағы бес адам жараланған.
Түні бойы Украина аумағының басым бөлігінде әуе дабылы жарияланды. Шабуыл аясында Польша өз әуе кеңістігін қорғау үшін жойғыш ұшақтарын әуеге көтеріп, әуе қорғанысы жүйелерін жоғары дайындық режиміне келтірді.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский Ресей жаңа жаппай соққы дайындауы мүмкін екенін ескерткен еді.
Сондай-ақ Украинаға Ресейдің ішкері аумағына соққы жасауға АҚШ пен Франция көмектескенін жазғанбыз.