Атырауда су құбырын жаңғыртуға бөлінген миллиардтаған теңге ұрланған: сот үкім шығарды

Ulysmedia
pixabay

Атырауда «Астрахань – Маңғышлақ» магистральдық су құбырын жаңғыртуға бөлінген 6 миллиард теңгеден аса қаражатты жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты. Бес адам бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Іске «ҚазТрансОйл» компаниясының еншілес кәсіпорны - «Магистральдық суағызғы» мекемесінің бұрынғы басшысы, оның орынбасары, мердігер ұйымның қызметкерлері және авторлық қадағалау өкілі қатысқаны анықталды.

Тергеу деректеріне сәйкес, айыпталушылардың бірі құбырды ауыстыру жөніндегі тендерді ұтып алған компанияны іс жүзінде өзі бақылаған. Ол өзге қатысушылармен бірге жобаға заңсыз өзгеріс енгізуді ұйымдастырған.

Атап айтқанда, құжаттарда пайдаланылатын құбырдың түрі өзгертіліп, оның бағасы негізсіз қымбат көрсетілген. Ал шын мәнінде қажет материалдар әлдеқайда арзанға сатып алынған.

Айыптау тарапының мәліметінше, құжатта көрсетілген баға мен нақты сатып алу құнының арасындағы айырманы осы іске қатысушылар иемденген. Жымқырылған қаражаттың жалпы көлемі 6 миллиард теңгеден асқан.

Кінәларын мойындамады

Сотқа тартылған бес адамның барлығы тағылған айыппен келіспей, өздерін ақтауды сұраған. Алайда сот олардың кінәсі дәлелденді деген қорытындыға келді.

Үкім шығарғанда куәгерлердің айғақтары, сотталушылардың хат-хабарлары, жасырын тергеу әрекеттерінің материалдары, сондай-ақ мамандар мен сарапшылардың қорытындылары негізге алынған.

Бес жылдан жеті жылға жуық мерзімге сотталды

Істі ұйымдастырушы 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.

Тапсырыс беруші тараптың бұрынғы орынбасары мен мердігер компанияның екі қызметкері 6 жылдан бас бостандығынан айырылды.

Ал іс бойынша көмектесуші ретінде танылған тағы бір адам 5 жылға сотталды.

Сот жәбірленуші тараптың азаматтық талабын да ішінара қанағаттандырды.