Денсаулық сақтау министрлігі Ақтастағы психиатриялық ауруханада науқастарға қатыгездік жасалды деген айыптауларды жоққа шығарды. Мекемеге әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырған жазбалардан кейін тексеру жүргізілген. Онда науқастарды күштеп байлап ұстау, дәріні жаза ретінде қолдану және оларды қорлау туралы айтылған еді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Алматы облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті қатаң бақылаудағы мамандандырылған республикалық психиатриялық аурухананы тексерген.
Мамандар науқастардың құқықтары сақтала ма, медициналық және әлеуметтік көмек қандай деңгейде көрсетіледі, дәрі-дәрмекпен қамту қалай жолға қойылған деген мәселелерді қараған.
7 тамыздағы тексеру қорытындысына сәйкес, науқастарды заңсыз байлап ұстау, дәрімен жазалау немесе ар-намысына тиетін өзге әрекеттер жасалды деген деректер расталмаған.
«Жазба авторы 2008 жылы мекеменің 7, 10 және 12-бөлімдерінде болған кезде көрген жайттарын жеке естелігі ретінде келтірген. Алайда оның жеке деректері көрсетілмеген, ал айтылған оқиғалар шамамен 18 жыл бұрынғы кезеңге қатысты», - деп түсіндірді ведомство.
Тексеру не үшін басталды?
Бұған дейін әлеуметтік желіде мекемеге қатысты түрлі айыптау тараған. Бұрынғы науқастар мен жазба авторлары адамдарды төсекке таңып, дәрі егетінін, яғни «байлап тастау» тәсілін қолданатынын айтқан.
Сондай-ақ, мәжбүрлі еңбек, ауыр тұрмыстық жағдай, қорлау және психотропты дәрілерді жаза ретінде пайдалану туралы да шағымдар болған.
Бұл жазбалар қоғамда үлкен талқы тудырғаннан кейін Денсаулық сақтау министрлігі ауруханада тексеру басталғанын хабарлаған еді.
Енді министрлік тексеру нәтижесінде айтылған айыптаулардың расталмағанын мәлімдеді.
Денсаулық сақтау министрлігі жауапкершілік туралы ескертті
Министрлік науқастың диагнозы мен ем қабылдау тәртібіне қарамастан, оның құқығы мен қауіпсіздігі міндетті түрде сақталуы керек екенін атап өтті.
Мекеме жұмысына бақылау жалғаса береді.
Сонымен қатар, ведомство көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін заңда белгілі бір жағдайда жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Контекст
Ақтастағы аурухана - Қазақстандағы осындай үлгідегі жалғыз мекеме. Мұнда сот шешімімен мәжбүрлі ем алатын науқастар болады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мекемеде жатқан адамдардың 80 пайыздан астамы бұған дейін адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған.