Алматы облысында күйеуін өлтірді деп айыпталған көпбалалы жүкті әйелді алқабилер соты толық ақтады. Әйел қамауда отырып, бесінші баласын күткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Сот отырыстары Алматы облысының сотында өтті. Айыпталушыны отырыстарға Алматыдағы тергеу изоляторынан Қаскелеңге жеткізіп отырған. Екі қала арасындағы қашықтық шамамен 60 шақырым болады. Сот процесі кезінде әйел жүкті болған, 15 тамызда босанады деп жоспарланған.
Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша қозғалған.
«НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрінің айтуынша, сотталушы бұған дейін күйеуінен бірнеше рет тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, ер адам әйелдің басы мен мойнынан ұрып, тұншықтырған. Сондай-ақ қыста оны емізулі баласымен бірге үйден қуып жіберген.
Жүктіліктерінің бірінде әйелді күйеуі ұрғаннан кейін оның денесінде гематома пайда болып, қан кеткен. Ол күйеуінен кетіп қалғанымен, кейін оралып отырған. Таңсәрінің айтуынша, әйел мұны балалар үшін отбасын сақтап қалғысы келгенімен түсіндірген.
Қайғылы жағдай
Бірнеше күн бұрын әйел күйеуінің басқа әйелмен қарым-қатынасы бар екенін біліп, онымен ажырасуға шешім қабылдаған. Алайда осыдан кейін де күйеуі оған күш көрсетуді жалғастырған.
Оқиға болған күні әйел күйеуінен өзін тағы да ұратын-ұрмайтынын сұраған. Күйеуі ұратынын айтқан. Осыдан кейін екеуінің арасында жанжал болып, ер адам қаза тапқан.
Әйел күйеуін өлтірді деген айыппен сотқа тартылды. Оған ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылу қаупі төнген. Алайда істі қараған алқабилер әйелді кінәлі деп таппады. Сот алқасы көпбалалы ананы толық ақтап, ол қамаудан босатылды. Қазір әйел бесінші баласының дүниеге келуін күтіп отыр.