Армения ҰҚШҰ жұмысына қатысуын тоқтатқанымен, ұйым оны әлі де одақтас ел деп санайды. Бұл туралы ҰҚШҰ бас хатшысы Таалатбек Масадыков мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
– Армения алғашқы күннен-ақ ҰҚШҰ-ның белсенді мүшесі болды және ұжымдық әлеуетті нығайтуға елеулі үлес қосты. Ұйымға мүше елдер Арменияны әлі де одақтас мемлекет деп қабылдайды, – деп келтіреді «РИА Новости» Масадыковтың сөзін.
Ол ҰҚШҰ елдері Арменияның ұйым жұмысына толыққанды оралуына көмектесетін кез келген мәселені Ереванмен талқылауға дайын екенін айтты.
Дауыс беру құқығына не болады?
Бұған дейін Ресейдің ҰҚШҰ жанындағы тұрақты өкілі Виктор Васильев Арменияны дауыс беру құқығынан айыру мәселесі ұйымға мүше барлық елдің келісімін қажет ететінін айтқан.
ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясы 11 қарашада Мәскеуде өтуге тиіс.
Армения қатысуын 2024 жылы тоқтатқан
Ереван 2024 жылы ҰҚШҰ жұмысына қатысуын тоқтатты, бірақ ұйымнан шыққан жоқ.
ҰҚШҰ жарғысына сәйкес, егер мемлекет ұйым бюджетіне берешегін екі жыл бойы өтемесе, оған квота бойынша лауазымдарға өз өкілдерін ұсынуға уақытша тыйым салынуы және қарызын өтегенге дейін дауыс беру құқығы тоқтатылуы мүмкін.
Сондай-ақ, мемлекет жарғы талаптары мен ҰҚШҰ органдарының шешімдерін орындамаса, оның ұйымдағы мүшелігі уақытша тоқтатылуы немесе ұйымнан шығарылуы мүмкін.