Шымкентте 19 жастағы қызды еркінен тыс алып кетіп, некеге тұруға мәжбүрледі деген күдікпен екі адам ұсталды. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқиғаның мән-жайы
Алдын ала мәлімет бойынша, қызды қаладағы демалыс орындарының бірінен еркінен тыс алып кеткен. Полиция жүргізген жедел іс-шаралар нәтижесінде екі күдіктінің жеке басы анықталып, олар уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Оқиғаға қатысты күдіктілердің бірі – Қарағанды облысының 24 жастағы тұрғыны Нұрсұлтан Жолдыбай. Оның жақындарының айтуынша, жігіт қызбен тоғыз айдан бері сөйлесіп жүрген. Туыстарының сөзінше, ол қызға алдын ала ұсыныс жасап, бойжеткен келісімін берген.
Осыдан кейін қыз Қарағандыға барған. Желіде оның жолдастарымен бірге көлікте келе жатқан және Қарсақбайға барған сәттері түсірілген видео тараған.
Күдіктінің анасы Нұргүл Алтынбаеваның айтуынша, қыз Қарағандыға өз еркімен барған.
– Өзі келісіп келген. Сол Шымкент қаласына барып, сөзін салып, күшті қылып Қарсақбайға алып келіп түсірдік. Түсіргенде де күшті көңілмен келді ол қыз-бала. (...) Аяқ-қолын сындырып алып кетем деп бір ағасы айғайлады. Біз бірақ қызды таятқан жоқпыз. Қыз “Өзіп келдім. Мен бармаймын” деді. (...) Неге олай істегенін білмедім. Ұлымды жазықсыз қаматып тастап отыр ғой енді. Артынан ертеңіне әкесі келген кезде қыз қорқып кетті ма білмеймін, әкесін барып құшақтап алғанда өзім түсінбей қалдым, – дейді күдіктінің анасы Нұргүл Алтынбаева.
Журналистер бойжеткенмен байланысып, жағдайға қатысты пікірін сұраған. Алайда ол жауап беруден бас тартқан. Сонымен бірге арызын қайтарып алмайтынын айтқан.
Полиция не дейді?
Қарағандыда болған Нұрсұлтан мен оның досы полиция шақыруымен Шымкентке келгеннен кейін ұсталған.
Қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің кінәсі сотта дәлелденген жоқ.
– Алдын ала мәлімет бойынша арызданушыны қаладағы демалыс орындарының бірінен еркінен тыс алып кетіп, некеге тұруға мәжбүрлеген. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде екі күдіктінің жеке басы анықталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп хабарлады Шымкент полиция департаменті.