Жедел жәрдем қызметкері Ұлдана Мырзуанның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел экс-жұбайы қайтыс болғаннан кейін өзіне берілген ақша туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Ұлдананың өліміне қатысты іс Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралып жатыр. Әділет Зейнел жәбірленуші ретінде жауап берді.
Оның айтуынша, 19 қарашада Ұлдананы жерлегеннен кейін оны марқұмның әпкесімен бірге Астана әкімдігіне шақырған. Ол жерде қала әкімі, оның орынбасары және мәслихат депутаты болған. Зейнелдің сөзінше, депутат оларға қолма-қол 20 млн теңге берген.
– Ешқандай қолхат жазбадық, ештеңеге қол қойған жоқпыз. Журналистер де болған жоқ, – деді ол сотта.
Зейнел бұл ақшаның түрлі шығынға жұмсалғанын түсіндірді. Оның шамамен 9,2 млн теңгесін автокөлік несиесін өтеуге жұмсаған. Тағы 4,5 млн теңге марқұмның анасына берілген.
Оның айтуынша, Ұлдананың несиелері шамамен 4,2 млн теңге болған.
Сотталушы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты қандай да бір талабы бар-жоғы сұралғанда, Зейнел ешқандай шағымы жоқ екенін айтты.
Оқиға қалай болды?
Қайғылы оқиға 2025 жылғы қазанда Астанада болған. Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайындағы үйге шақыртуға барған кезде адамдардың үстіне кондиционер мен ғимараттың қасбетінің бір бөлігі құлаған. 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан қаза тапты.
Тергеу 10 айға созылды. Сот алдынlf осы үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязова жауап беріп жатыр. Тергеу нұсқасы бойынша, ол ғимараттың жағдайын бақыламаған, сондай-ақ қажетті тексеру мен жөндеу жұмыстарын ұйымдастырмаған.
Прокуратура, соның ішінде, 2017 жылғы техникалық қорытындыға сүйенеді. Құжатта ғимараттың қасбетін, шатырын және басқа да бөліктерін жөндеу қажеттігі көрсетілген.
Істің алғашқы сот отырысында Сәуле Жұбаниязова өз кінәсін мойындамаған.
Сот отырысын басқа МИБ төрағалары да бақылап отыр. Олар үйдің жағдайына қатысты жауапкершілікті арнайы техникалық білімі жоқ МИБ басшысына толығымен жүктеуге болмайтынын айтады. Сондай-ақ олар неліктен ғимаратты салушы компанияға қатысты талап қойылмайтынына сұрақ қойып отыр.