Астанада өтіп жатқан сот отырысында қаза болған жедел жәрдем қызметкері Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ешенқұлова көз жасын тыя алмады. Ол қызының соңғы қоңырауы мен қайғылы жағдайды қалай естігенін айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Сәлима Ешенқұлованың айтуынша, 2025 жылғы 8 қарашада Ұлдана шақыртуға шығар алдында анасына телефон соққан. Екеуі жұмыстан кейін қайта сөйлесуге келіскен. Алайда шамамен 15 минуттан кейін оған құдағиы хабарласып, Ұлдананың үстіне қабырға құлағанын айтқан.
Көп ұзамай Сәлимаға үлкен қызы телефон шалып, Астанаға шұғыл ұшып келуін сұраған.
«Мен оны тіпті тани алмадым»
Түнде анасы қызының жанына кіре алмай, жансақтау бөлімінің алдында күткен. Таңертең оған ішке кіруге рұқсат берілгенімен, ол бірден Ұлдананың қай жерде жатқанын түсіне алмаған.
– Қызыма кіруге рұқсат берді. Сол кезде өзімді ғана кіргізді. Қатар жатқан адамдардың жанынан қызымды таппай қалдым. Қасымда тұрған қызымды да тани алмадым. Қызымның ондай ахуалда екенін үш ұйықтасам да олай деп ойламаппын. Қызыма ішімнен неше түрлі сөзімді айтып, “Қызым, сен маған хабарласамын деп едің ғой”, “Неге олай жатсың?” деп, не айтарымды да білмеймін. Қызымның бетінен сүйіп, иіскеп, ішімдегі бар сөзді айтқым келді, бірақ қызым мені естімейтініне көзім жетті. Сол кезде менің жағдайымды көріп, реанимацияның ішіндегі қыздар “Болды, көп тұруға болмайды” деп, сыртқа алып шықты. Сыртқа шыққанда өртенген өзегімді айта алмаймын, – деді Сәлима Ешенқұлова.
Оқиға қалай болды?
Қайғылы оқиға 2025 жылғы қазанда Астанада болған. Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайындағы үйге шақыртуға барған кезде адамдардың үстіне кондиционер мен ғимараттың қасбетінің бір бөлігі құлаған. 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан қаза тапты.
Тергеу 10 айға созылды. Сот алдынlf осы үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязова жауап беріп жатыр. Тергеу нұсқасы бойынша, ол ғимараттың жағдайын бақыламаған, сондай-ақ қажетті тексеру мен жөндеу жұмыстарын ұйымдастырмаған.
Прокуратура, соның ішінде, 2017 жылғы техникалық қорытындыға сүйенеді. Құжатта ғимараттың қасбетін, шатырын және басқа да бөліктерін жөндеу қажеттігі көрсетілген.
Істің алғашқы сот отырысында Сәуле Жұбаниязова өз кінәсін мойындамаған.
Сот отырысын басқа МИБ төрағалары да бақылап отыр. Олар үйдің жағдайына қатысты жауапкершілікті арнайы техникалық білімі жоқ МИБ басшысына толығымен жүктеуге болмайтынын айтады. Сондай-ақ олар неліктен ғимаратты салушы компанияға қатысты талап қойылмайтынына сұрақ қойып отыр.