Халықаралық S&P Global Ratings агенттігі Қазақстанның кредиттік рейтингін BBB- деңгейінен BBB деңгейіне көтерді. Бұл - елдің кейінгі 10 жылдағы алғашқы рейтинг өсімі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
BBB нені білдіреді?
Қазақстан әлі де инвестициялық санатта қалып отыр, бірақ енді оның ең төменгі шегінен бір саты жоғары көтерілді.
Елдің кредиттік рейтингі неғұрлым жоғары болса, халықаралық инвесторлар мен несие берушілер үшін соғұрлым сенімді көрінеді.
BBB деңгейі мемлекеттің қаржылық міндеттемелерін орындауға жеткілікті мүмкіндігі бар екенін білдіреді. Дегенмен әлемдік экономикадағы жағдай нашарласа, оның әсеріне сезімталдық сақталады.
Рейтинг неге көтерілді?
Ұлттық экономика министрлігі бұл шешімді экономиканың өсу әлеуетімен, оның біртіндеп әртараптандырылып келе жатқанымен және елдегі қомақты қаржы қорымен байланыстырады.
S&P болжамынша, сыртқы тәуекелдер мен шикізат бағасының құбылуына қарамастан, Қазақстан экономикасы өсімін жалғастырады.
Агенттік 2026 жылы елдің нақты жалпы ішкі өнімі 5,1%-ға өседі деп болжап отыр.
Рейтингтің көтерілуіне ірі инвестициялық жобалар да әсер еткен. Алдағы жылдары шикізатты өңдеу мен инфрақұрылымға салынатын инвестициялар көлемі артып, жалпы инвестиция деңгейі ЖІӨ-нің 30%-ына дейін жетуі мүмкін.
Қаржылай қор
Агенттік Қазақстанның ірі валюталық активтеріне де назар аударған.
S&P бағалауынша, бұл активтердің көлемі елдің біршама қалыпты деңгейдегі сыртқы қарызынан жоғары. Бұл Қазақстанның қаржылық жағдайын нығайта түседі.
Осы шешімге дейін Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингі BBB- деңгейінде болған.