Робот, Месси және 116 жастағы әже: Құрылтай сайлауындағы ерекше сәттер

Ulysmedia

Сайлау күні еліміздің әр өңіріндегі учаскелерде тосын әрі қызық сәттер де аз емес. Астанада дауыс беруге адамға ұқсас роботпен келген тұрғын жұрт назарын аударса, Алматыда «Месси» мен «Роналду» бой көрсетті. Ал Ұлытау облысында 116 жастағы кейуана өз таңдауын жасады. Ulysmedia.kz сайлау күніндегі осындай ерекше сәттерді топтастырды.

Халатпен және роботпен келгендер

Таңертең Астанада сайлау учаскесіне келген ерекше жұп көптің назарын аударды. Елорда тұрғыны дауыс беруге үй киімімен келсе, оған адамға ұқсас робот серік болды.

Қыз дауыс беруді кейінге қалдырмай, таңертең ерте учаскеге келуді ұйғарғанын айтты. Құжаттары тексерілген соң бюллетень алып, кабинаға кіріп, өз таңдауын жасады. Робот осы уақыт бойы қасында болды.

116 жастағы әже дауыс берді

Ұлытау облысының Қызылжар ауылында 116 жастағы Түймегүл Темірбаева дауыс берді. Ол 1910 жылы туған және Қазақстандағы ең қарт тұрғындардың бірі саналады.

Түймегүл әже өмірінің көп бөлігін отбасы мен еңбекке арнаған. Жолдасы Аязбай Темірбаевпен бірге жылқы өсірген. Қазір оның 15 немересі мен 25 шөбересі бар.

Жасына қарамастан, ол әлі де үй шаруасына араласып, тіпті құрт жасайды.

Сайлау кезінде Түймегүл әже елге тыныштық пен жарқын болашақ тіледі.

– Ұрпағымыз аман болсын, еліміз тыныш болсын. Қазақстанның болашағы жарқын болсын, – деді ол.

Кейуана 2026 жылғы наурызда республикалық референдумда да дауыс берген. Ол кезде дауыс беру жәшігі үйіне жеткізілген.

Месси мен Роналду Алматыда «кездесті»

Ал Алматының Бостандық ауданындағы №70 мектепте орналасқан №294 сайлау учаскесіне таңертең екі футбол «жұлдызы» келді.

Дауыс беруге Месси мен Роналду келді. Әрине, нағыз футболшылар емес, танымал ойыншылардың бойтұмар киімін киген екі дос.

Учаскеге кірмес бұрын олар мектеп алдында доппен аздап жаттығып та үлгерді.

Атазаңның әкесі де дауыс берді

Маңғыстауда ерекше есімімен танылған Атазаң есімді баланың әкесі Бауыржан Бабатов та сайлауға қатысты.

Ол Мұнайлы ауданындағы №195 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Құрылтай депутаттарын сайлау жалғасып жатыр. Қазақстандағы сайлау учаскелері сағат 20:00-де жабылады.

Ulysmedia.kz сайлау барысын бақылап отыр.