АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі бүкіл әлем бойынша визалық сұхбаттарға жазылуды уақытша тоқтатты. Бұл өзгеріс түрлі елдердегі АҚШ елшіліктері мен консулдықтарына қатысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сұхбаттар неге кейінге шегеріліп жатыр?
АҚШ Мемлекеттік департаменті бұл шешімді барлық дипломатиялық өкілдікте бір уақытта басталған консулдық қызметкерлерді оқыту бағдарламасымен түсіндірді. Бағдарлама барысында визалық сұхбаттардың кестесі уақытша өзгертіледі.
Оқытудың қанша уақытқа созылатыны және визалық сұхбаттарға жазылу қашан қалыпты режимге келтірілетіні әзірше белгісіз.
Financial Times мәліметінше, иммиграциялық виза бойынша сұхбаты бұған дейін тағайындалған кейбір өтініш берушілерге олардың кездесулері кейінге шегерілетіні туралы хабарлама келген. Оларға жаңа күндер кейінірек хабарлануға тиіс.
Тексерулер күшейтіледі
Оқыту бағдарламасы, соның ішінде, өтініш берушілердің қаржылық жағдайын тексеруге байланысты. Консулдық қызметкерлер АҚШ-қа қоныс аударғаннан кейін адамның мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға тәуелді болу ықтималдығын мұқият бағалауы керек.
Мемлекеттік департамент сонымен қатар өтініш берушілерді тексеру рәсімін барлық елде барынша толық әрі бірізді етуді көздеп отыр.
Бұл шешім Трамп әкімшілігінің көші-қон саясатын қатаңдатуы аясында қабылданды. АҚШ билігі депортация шараларын күшейтіп, визалар мен грин-карталарды жойып, заңды иммиграцияға қатысты кейбір талаптарды қатаңдатып жатыр.
Қазақстан да шектеуге іліккен
Бұған дейін АҚШ федералдық соты Мемлекеттік департаменттің Қазақстан азаматтары мен тағы 74 елдің азаматтарына иммиграциялық визалар беруді шектейтін басқа шарасын заңсыз деп таныған болатын.
Бұл шешімді 21 тамызда Нью-Йорктің Оңтүстік округі бойынша федералдық судья Жанетт Варгас шығарды.
Сот енгізілген шектеулер Мемлекеттік хатшы Марко Рубионың заңда көзделген өкілеттіктерінен асып кеткен деген қорытындыға келген.