Алматыда биылғы күз қалыпты өтеді деп болжап отыр синоптиктер. Ұзаққа созылатын аптап ыстық пен қатты суық та бола қоймайды. Дегенмен күн райы күздегідей құбылмалы болып, жылы күннен кейін аяқ асты күн суытып, қыркүйектің соңында-ақ шық түсіп, үсік шалуы да әбден мүмкін. Бірақ күн қазан-қараша айында ғана суыта бастайды. «Қазгидромет» РМК-ның Алматы мен облыс бойынша бөлімшесінің метеорологиялық болжам бөлімінің басшысы Дәулет Кісебаев алдағы күзде қаладағы ауа райының қандай боларын айтып берді.
Толығырақ
Алдын ала жасалған болжам бойынша Алматыда қыркүйек айы климаттық нормаға жақын болады. Айдың орташа температурасы шамамен +17,5 °C болады, норма +18 °C. Қазанда орташа температура да қалыпты деңгейде — шамамен +10,6 °C, қарашада +2,9 °C болады деп болжап отыр мамандар.
Сонымен бірге күзде температура да бірқалыпты болмайды. Әсіресе қазан айы жақындағанда күн жылдам суытады. Қыркүйекте кей күндері күндізгі және түнгі температураның айырмашылығы 10–15 градусқа жетуі ықтимал.
— Күз — өтпелі маусым, сондықтан Алматы үшін температураның айтарлықтай ауытқуы қалыпты жағдай. Күндіз әлі де жылы болуы мүмкін, бірақ таңертең және кешке таман жылырақ киіну керек. Қазіргі уақытта ұзаққа созылатын аномальды ыстық немесе бүкіл маусымға созылатын күрт әрі ұзақ суыту болады деуге негіз жоқ, — дейді Дәулет Кісебаев.
Жауын-шашын мөлшері бойынша да күз климаттық нормаға жақын болады деп болжап отыр. Қыркүйекте шамамен 28 мм, қазанда 50 мм, қарашада 55 мм жауын-шашын түседі. Алайда бұл жаңбырдың аз мөлшерде және тұрақты түрде жауатынын білдірмейді: құрғақ кезеңдер бірнеше күнге созылатын жаңбырлы немесе қарқынды жауын-шашын кезеңімен алмасуы мүмкін.
Алматыда қыркүйектің үшінші онкүндігінде шық түсіп, үсік шалуы мүмкін. Әсіресе тау бөктеріндегі аудандарда. Сонымен қатар түнгі ауа температурасы әлі де оң болып, +1…+6 °C шамасында сақталуы ықтимал. Таулы аймақтарда суық ертерек түседі: мұнда −6 °C-қа дейін үсік болуы мүмкін, ал қыркүйектің екінші онкүндігінің соңында жаңбырдың сулы қарға ұласуы әбден мүмкін.
Ал алғашқы қардың Алматының өзінде нақты қашан жауатынын синоптиктер әзірге болжап отырған жоқ. Күзде сулы қар жауған күннің өзінде, бұл қар басып, қыс түсті дегенді білдірмейді дейді.
— Маусымдық болжам алғашқы қардың немесе қатты суытудың нақты күнін көрсете алмайды. Ол маусымның жалпы сипатын көрсетеді, ал нақты ауа райы күн жақындаған сайын анығырақ болады. Сондықтан тұрғындар үшін ең маңыздысы — алдағы бір–үш күнге арналған болжамдар. Қауіпті ауа райы қаупі туындаған жағдайда “Қазгидромет” ескерту жасайды, — деді спикер.
Алматылықтардың дәстүрлі «әбігер жазын» — «бабье летоны» көру мүмкіндігі де бар. Күз барысында жылы, құрғақ әрі шуақты ауа райы орнайтын жекелеген кезеңдер болуы мүмкін. Алайда олардың нақты қашан басталып, қанша уақытқа созыларын алдын ала анықтау әзірге мүмкін емес.
Синоптиктер жүргізушілерге қар түскенін күтпей, қыркүйектің соңынан бастап көлігін қысқа қамдай беруге шақырып отыр. Қазан айына дейін аккумуляторды, жылыту жүйесін, тежегіш жүйесін, әйнек тазалағышты тексеріп, әйнек жуғыш сұйықтықты теріс температураға жарамды сұйықтыққа ауыстырған жөн. Әсіресе тәуліктік орташа температура шамамен +5…+7 °C-қа дейін төмендейтін күндерге назар аудару қажет.
— Қар түскеннен кейін арты көктайғаққа ұласады көбіне. Әсіресе көпірде, эстакадада, көлеңкелі жол учаскесі мен тау бөктерінде қауіптірек. Сондықтан көлікті алдын ала қамдаған дұрыс, — дейді Дәулет Кісебаев.
Алдағы қысқа қатысты айтар болсақ, күзгі болжамға қарап оның қарлы боларын әзірге кесіп-пішіп айту мүмкін емес. Қыста жауатын қардың мөлшері атмосфералық циркуляцияға, температура мен жауын-шашынның қалай боларына байланысты. Нақтырақ мәлімет қыс айларына арналған жеке маусымдық болжам шыққаннан кейін белгілі болып қалады.
«Қазгидромет» мамандары жаһандық климатпен бірге Қазақстандағы орташа температура да біртіндеп өсіп келе жатқанын айтады. Бірақ бұл келесі күз Алматыда міндетті түрде алдыңғысынан жылырақ болады деген сөз емес: суық кезеңдер, күрт салқындау мен ауа райының басқа да құбылмалы сипаттары әлі де болуы мүмкін.