Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот: адвокат тергеудегі заң бұзу деректерін айтты

Ulysmedia
Ulysmedia

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында жедел жәрдем қызметкері, 23 жастағы Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты істі қарау жалғасып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Өтініш қанағаттандырылмады

Сотталушы Сәуле Жұбаниязованың қорғаушысы Дәурен Еслямбеков істі прокурорға қайтару туралы өтініш берді. Оның айтуынша, тергеу барысында істі прокурорға қайтаруға негіз болатын айтарлықтай процессуалдық заң бұзушылықтарға жол берілген.

Қорғаушы соттың назарын сот талқылауы басталардан небәрі бір ай бұрын Жұбаниязованың куәгер мәртебесінде болғанына аударды. Сонымен қатар тергеу әрекеттерінің барлық хаттамасында сотталушы мен оның адвокатының қолы қойылмағанын айтты.

Еслямбековтің сөзінше, қасбет пен кондиционердің құлау себептерін анықтаған сарапшыларға ғимараттың жобасы мен техникалық құжаттамасы берілмеген.

– Сот-құрылыс-техникалық сараптаманың қорытындысына сәйкес, құлауға ғимарат конструкциясындағы ақаулар себеп болған. (...) Кірпіш қалау жіктерінің сапасыз толтырылуы, тіктен ауытқу, сынған кірпішті пайдалану, – деді адвокат.

Қорғау тарапы қосымша сараптамалар жүргізуді де сұрады. Атап айтқанда, қабырғадағы ақаулар жасырын болған-болмағанын немесе оларды көзбен анықтауға бола ма деген мәселені тексеруді ұсынды. Сондай-ақ Жұбаниязованың МИБ төрағасы ретінде ғимаратты тексеру және жөндеу жұмыстарын жүргізу шараларын өз бетінше қабылдауға құқығы болған-болмағанын анықтауды сұрады.

Алайда сот қорғау тарапы келтірген дәлелдерді істі прокурорға қайтаруға жеткілікті деп таппай, өтінішті қанағаттандырмады.

Оқиға қалай болды?

Қайғылы оқиға 2025 жылғы қазанда Астанада болған. Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайындағы үйге шақыртуға барған кезде адамдардың үстіне кондиционер мен ғимараттың қасбетінің бір бөлігі құлаған. 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан қаза тапты.

Тергеу 10 айға созылды. Сот алдынlf осы үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязова жауап беріп жатыр. Тергеу нұсқасы бойынша, ол ғимараттың жағдайын бақыламаған, сондай-ақ қажетті тексеру мен жөндеу жұмыстарын ұйымдастырмаған.

Прокуратура, соның ішінде, 2017 жылғы техникалық қорытындыға сүйенеді. Құжатта ғимараттың қасбетін, шатырын және басқа да бөліктерін жөндеу қажеттігі көрсетілген.

Істің алғашқы сот отырысында Сәуле Жұбаниязова өз кінәсін мойындамаған.

Сот отырысын басқа МИБ төрағалары да бақылап отыр. Олар үйдің жағдайына қатысты жауапкершілікті арнайы техникалық білімі жоқ МИБ басшысына толығымен жүктеуге болмайтынын айтады. Сондай-ақ олар неліктен ғимаратты салушы компанияға қатысты талап қойылмайтынына сұрақ қойып отыр.