Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз конференциясында балаларды зиянды контенттен қорғауды күшейтуді ұсынды. Оның ішінде 16 жасқа толмаған пайдаланушылардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салуды көздейтін әзірленген заң жобасын қабылдау мәселесі де бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Балаларды әлеуметтік желіден қорғау
Астанада педагогтердің тамыз конференциясы басталды. Жиынды президент Қасым-Жомарт Тоқаев ашты.
– Өскелең ұрпақтың эмоционалдық тұрақтылығы мен адамгершілік тәрбиесі ұлттық қауіпсіздік пен елдің орнықты дамуының маңызды факторы болуға тиіс, – деді Тоқаев.
Осыған байланысты президент 2018 жылы қабылданған «Балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» заңды қайта қарауды ұсынды. Оған 16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салатын норманы енгізу жоспарланып отыр.
Тиісті түзетулерді Мәжіліс қарауына алғанымен, оларды қабылдап үлгермеген. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл мәселені Құрылтай депутаттары жедел қарауы керек.
Ол мұндай шектеулердің басқа елдерде де енгізіліп жатқанын атап өтті.
– Балалардың психологиялық жағдайына төнетін қауіптің салдарымен күресуден оны алдын алуға көшетін кез келді деп ойлаймын. Әйтпесе, бұл қоғамның тұрақтылығына кесірін тигізуі мүмкін, – деді президент.
Жасөспірімдердің психикасын қалай қорғайды?
Тоқаевтың пікірінше, бұл мәселеде тек ата-аналарға сенім артуға болмайды. Үкімет те балаларды қорғау үшін контентті сүзгілеу шараларын қабылдауы қажет.
Сонымен қатар президент балаларға арналған міндетті SIM-карталарды енгізуді кеңейтуді тапсырды. Оның айтуынша, бұл шара балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.
Контекст
Еске салайық, Құрылтайдың алғашқы сессиясы 28 тамызда өтеді.