Қазақстан президенті мектеп оқулықтарының сапасына көңілі толмайтынын айтты. Оның мәліметінше, оқулықтардан 700-ден астам өрескел қате анықталған. Алайда Оқу-ағарту министрлігінің де оқу құралдарына қатысты өз сын-ескертулері бар екені белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
700 қате
Астанада мұғалімдердің тамыз конференциясы өтті. Жиында алдағы кезеңдегі мектеп білімінің негізгі міндеттері талқыланды. Іс-шараның негізгі спикері – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мектеп оқулықтарының сапасына да тоқталды.
– Мектеп оқулықтарында 700-ден астам өрескел қате анықталды. Оның білім беру сапасына тигізетін салдары да ауыр, – деді ол.
Президенттің айтуынша, оқулықтарда шын мәнінде болмаған оқиғалар мен ерліктер туралы, ойдан шығарылған кейіпкерлер жөнінде мифтер айтылады. Оның пікірінше, бұл қоғамның моральдық негізіне кері әсер етуі мүмкін.
Сондай-ақ Тоқаев әдеби шығармаларда «ұдайы шапа шеккен ұлт» бейнесінің дәріптелетініне наразылық білдірді. Президенттің пайымынша, мұң-қайғы жастар үшін жақсы серік емес.
Оқулықтар ескірген
Қазақстанның Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова да оқулықтарға қатысты сын айтты.
Оның сөзінше, биыл министрлік барлық сыныпқа арналған мемлекеттік стандарттар, оқу бағдарламалары және оқу-әдістемелік кешендерді жүйелі түрде зерделеген.
Талдау қорытындысы бойынша оқу материалдарының төрттен бірінен астамы ескіргені анықталған.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, оқулықтар енді кезең-кезеңімен жаңартылады. Сонымен қатар қателерді болдырмау үшін оқулықтарды сараптаудың жаңа үш деңгейлі жүйесі енгізіліп жатыр.
Білім беру жүйесінде жаңа реформа бола ма?
Министрдің айтуынша, тек оқулықтар емес, білім беру тәсілдері де өзгереді.
– Жалпы алғанда, біз жаттауға негізделген білім беруден ойлау қабілетін дамытып, алған білімді тәжірибеде қолдануға үйрететін оқытуға көшеміз, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Білім беру жүйесін жаңғыртудың тағы бір бағыты – жасанды интеллект технологияларын енгізу.
Жаңа оқу жылынан бастап еліміздің барлық өңіріндегі 500 шағын жинақты мектепте жасанды интеллектті енгізу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылады.
Министрлік есептеуінше, жасанды интеллект технологияларын пайдалану мұғалімнің аптасына 12 сағатқа дейінгі жұмыс уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Босаған уақытты педагогтер балалармен жеке жұмыс істеуге, білімдегі олқылықтардың орнын толтыруға және оқушылардың қабілетін дамытуға жұмсай алады.