«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлi «Жомарт» кенішіне барып, кәсіпорынның жұмысымен және қауіпсіздікті арттыру бағытында атқарылып жатқан шаралармен танысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Метан мөлшері нақты уақыт режимінде бақыланады
Қазір кеніште шамамен 1 200 адам жұмыс істейді. Мұнда жыл сайын 3,845 млн тонна кен өндіріледі. Сапар барысында Руслан Өскенәлі бұрғылау және өндіру учаскелерін аралап, жұмыстардың ұйымдастырылуын, жабдықтардың жағдайын және қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексерді.
Негізгі міндеттердің бірі – шахта атмосферасын тұрақты бақылауда ұстау. Стационарлық газ талдағыштар тәулік бойы ауа құрамын бақылап, ақпаратты нақты уақыт режимінде бірыңғай диспетчерлік орталыққа жібереді. Бұдан бөлек, қызметкерлер 130 портативті газ талдағышты пайдаланады.
Жерасты өздігінен жүретін техникаларға метан деңгейін бақылайтын стационарлық датчиктер – метан релелері орнатылып жатыр. Қазірдің өзінде 31 құрылғы жұмыс істеп тұр, тағы 31-і орнатылады. Жұмыстар аяқталғаннан кейін 62 бірлік техника метанды автоматты түрде бақылау жүйесімен жабдықталады.
Газ концентрациясы белгіленген шекті деңгейге жеткен жағдайда, жүйе техниканың жұмысын автоматты түрде бұғаттайды.
Жаңа желдету жүйесі және цифрлық бақылау
Кеніште желдету жүйесі де жаңғыртылып жатыр. Негізгі желдету қондырғылары күрделі жөндеуден өткеннен кейін олардың өнімділігі секундына 200 текше метрге артқан. Сонымен қатар жаңа желдету ұңғымасын бұрғылау жұмыстары аяқталды. Ол арқылы 600 метрге дейінгі тереңдікке таза ауа жеткізіледі.
Биыл үшінші желдету оқпанының құрылысы жалғасып жатыр. Ол жерасты қазбаларының жекелеген учаскелерін бөлек желдетуге мүмкіндік беріп, желдету жүйесінің тұрақтылығын арттырады. Кен массивінің жағдайын бақылау үшін кеніште ғылыми және сараптамалық ұйымдар жұмыс істейді. Мамандар тау жыныстарының газдылығын, олардың жағдайын, сондай-ақ су мен кеннің құрамын зерттейді.
2026 жылдың шілдесінде мұнда геомеханикалық мониторингтің бірыңғай цифрлық жүйесі іске қосылды. Бұдан бөлек, жұмысшылардың орналасқан жерін анықтау және төтенше жағдайда жедел хабарлау үшін ұзындығы 15,5 шақырым сәуле таратқыш кабель пайдаланылады.
Бұл шаралардың барлығы өндірістік қауіпсіздікті арттыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламада барлығы 45 іс-шара қарастырылған, оның 39-ы қазірдің өзінде орындалды. Бағдарламаны іске асыруға 2,7 млрд теңге бөлінген.