ҚМДБ қажылықты ұйымдастыратын төрт туроператорды таңдады

Сырым Қаржас
Pixabay.com

ҚМДБ 2027 жылы қазақстандықтардың қажылық сапарын ұйымдастыратын төрт туроператорды анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Кімдер іріктеуден өтті?

Байқау қорытындысы бойынша қажылармен жұмыс істеу құқығын «Атлас Туризм», «Нұрхан Тревел», «Тауаф Тревел» және «Хикмет Тревел» компаниялары алды.

Іріктеуді арнайы комиссия жүргізді. Туроператорлар балдық жүйе бойынша бағаланды.

Не ескерілді?

Комиссия компаниялардың қажылық пен умраны ұйымдастырудағы тәжірибесін, кейінгі бір жылдағы жұмыс нәтижелерін, ресми туркодтары мен қолданыстағы лицензияларының болуын қарады. Сондай-ақ компаниялардың ұйымдастыру мүмкіндіктері мен Сауд Арабиясының талаптарына сәйкестігі тексерілді.

ҚМДБ іріктеудің басты мақсаты қазақстандық қажылар үшін сапарларды қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастыру, сондай-ақ қабылдаушы тараптың талаптарын сақтау екенін атап өтті.

Байқаудан өте алмаған компаниялар да қажылықты ұйымдастыруға қатыса алады. Алайда олар іріктеуден өткен төрт туроператордың бірінің субагенті ретінде жұмыс істейді.

Қажылыққа бөлінетін орындар да комиссияның бағалау қорытындысы бойынша бөлінді.