"Мені тыңдамады": Астанада балабақша тәрбиешісіне баланы ұрып-соқты деген айып тағылды

Сырым Қаржас
Depositphotos

Астанадағы "Сова" балабақшасының тәрбиешісі қыз баланы ұрғаннан кейін полиция қылмыстық іс қозғады. Бала болған жағдайды ата-анасына өзі айтып, бәрін видеоға түсіріп алған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Қыздың туысының айтуынша, балабақшадан кейін бала анасына келіп, тәрбиешінің өзін қай жерінен ұрғанын көрсеткен.

— Сіңілім кішкентайынан камераға түсіп, видео түсіріп жүрген бала. Сондықтан болған жағдайды өзі видеоға түсіріп, айтып көрсете алған. Денесінде қалған іздер де бар. Олардың фотосуреттері сақталған. Біз оны дәрігерге де көрсеттік. Травматология бөлімінде дәрігер қараған. Медициналық құжатта маңдай және бет сүйегі аймағындағы жұмсақ тіндердің соғылуы бойынша алдын ала диагноз көрсетілген, — деп жазды туысы Threads желісінде.

«Қырсығып, айтқанды тыңдамады»

Тәрбиеші өз әрекетін баланың қырсығып, айтқанды тыңдамағанымен түсіндірген. Алайда туыстары мұнымен үзілді-кесілді келіспейді.

— Баланың мінез көрсетуі немесе тәрбиешіні тыңдамауы күш қолдануға себеп немесе ақтау бола алмайды. Оқиғадан кейін сіңілім қатты қорқып қалды. Бұған дейін туылғанынан бері болмаған еріксіз кіші дәрет жіберіп қою жағдайлары байқалды, — дейді қыздың туысы.

Қазір полиция кәмелетке толмаған балаға қатыгездік көрсету фактісі бойынша істі тергеп жатыр.