Айдын Айымбетов Байқоңырдың болашағын айтты

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Кейінгі жылдары саяси және экономикалық себептерге байланысты Байқоңыр ғарыш айлағынан жасалатын зымыран ұшыру саны айтарлықтай азайды. Бұл үрдіс аты аңызға айналған ғарыш айлағының жабылуына алып келуі мүмкін бе? Осы сұраққа «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорнының басқарма төрағасы Айдын Айымбетов Ulysmedia.kz тілшісіне жауап берді.

Толығырақ

Айдын Айымбетовтің айтуынша, Байқоңырдан жасалатын ұшырылымдар саны жыл сайын азайып келеді.

– Байқоңыр ғарыш айлағы – ғарыш дәуірінің басталуымен байланысты аты аңызға айналған ғарыш айлағы. Алғашқы жер серігінің ұшырылуы, адамның алғаш рет ғарышқа ұшуы, ғарышқа алғаш рет әйел адамның ұшуы – барлығы осы жерде жүзеге асты. Бұл – аңыз. Иә, қазір ұшырылымдар саны азайып келеді. Бұған халықаралық логистика, саясат сияқты белгілі бір мәселелер әсер етіп отыр. Мұның бәрі ықпал етеді, – деді Айымбетов.

Ғарыштағы қазақтың ізі

Байқоңырдың негізгі жобаларының бірі «Бәйтерек» ғарыштық-зымыран кешенін дамыту болмақ.

2026 жылғы 30 сәуірде Байқоңырдың 45-алаңынан Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жобасы аясында «Союз-5» («Сұңқар») зымыран-тасығышының алғашқы сынақ ұшырылымы өтті.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, сынақ штаттық режимде өткен. Зымыранның бірінші және екінші сатылары штаттық режимде жұмыс істеп, габариттік-массалық макет есептік траекторияға шығарылған.

Қазақстан мен Ресей арасындағы жаңартылған келісімге сәйкес, 2027 жылға дейін «Союз-5» зымыран-тасығышын кемінде үш рет сынақ мақсатында ұшыру жоспарланған.

Айдын Айымбетовтен бұл ұшырылымдар кестеге сай нақты жүзеге аса ма деп сұрадық. Әсіресе Ресейдің санкция астында отырғанын және БАҚ-та ғарыш өнеркәсібіне қатысы бар кәсіпорындарға дрон шабуылдары болғаны туралы ақпарат тарағанын ескерсек, бұл мәселе өзекті.

Ғарышкер саясатқа қатысты пікір білдіруден бас тартты. Дегенмен «Бәйтерек» БК-ның жаңа ұшырылымдарының нақты күндері әзірше белгіленбегенін атап өтті.

Байқоңырдың болашағы

Сонымен қатар Айымбетов Байқоңырдың болашағы тек зымыран ұшырумен байланысты емес екеніне сенімді.

– Қазір ғарыш қызметін дамыту бағытында Байқоңыр ғарыш айлағын халықаралық ғарыш хабы ретінде дамыту мәселесі қарастырылып жатыр. Көптеген серіктестің қатысуы құпталады. Ғарыш саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа әрдайым қолдау көрсетіледі. Бүкіл әлем осы басты қағиданы ұстанады, – деді «Бәйтерек» БК басшысы.