Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісімін ресми түрде тіркейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай шешімді ол бұрыннан қабылдаған, енді оны eGov арқылы рәсімдеп, бұл туралы ашық айтуды жөн көрген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әлназарова бұл шешім қызметіне емес, өзінің жеке таңдауына байланысты екенін айтты.
«Бүгін бұрыннан қабылдаған бір шешімім туралы ашық айтқым келеді. Қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісімімді ресми түрде тіркемекпін. Бұл туралы ашық айтуды маңызды деп санаймын. Мұны Денсаулық сақтау министрі болғаным үшін айтып отырған жоқпын. Өйткені әрқайсымыз бір күні өзімізге немесе жақындарымызға қатысты осындай шешім қабылдайтын жағдайға тап болуымыз мүмкін», — деп жазды ол.
Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, қазірге дейін шамамен 184 мың қазақстандық қайтыс болғаннан кейін донор болуға қатысты шешімін eGov арқылы рәсімдеген.
Ал елімізде дәл қазір 4 867 адам ағза алмастыру операциясын күтіп отыр. Оның ішінде 4 311 адамға - бүйрек, 314 адамға - бауыр, 212 адамға - жүрек, тағы 30 адамға өкпе трансплантациясы қажет.
Еске салайық, бұған дейін бұрынғы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният та осындай шешім қабылдағанын айтқан еді.
Сонымен қатар, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева да қайтыс болғаннан кейін донор болуға дайын екенін мәлімдеген.