Синоптиктер 13 қыркүйекте Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райы күрт бұзылатынын ескертті. Елдің кей бөлігінде нөсер жаңбыр, найзағай, бұршақ, екпінді жел және тұман күтіледі. Ал оңтүстік пен батыс өңірлерде өрт қаупі жоғары және төтенше деңгейде сақталады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Астанада мезгіл-мезгіл жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз жел күрт күшеюі мүмкін. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
Қалада өрт қаупінің жоғары деңгейі де сақталады.
Ақмола облысында ауа райы бұдан да қолайсыз болады. Түнде өңірдің батысы, солтүстігі мен оңтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде нөсер жаңбыр, бұршақ және қатты жел күтіледі.
Күндіз жауын-шашын жалғасады. Кей аумақта жел екпіні секундына 23-28 метрге дейін күшеюі мүмкін.
Түнде және таңертең облыстың жекелеген аудандарында тұман түседі.
Көкшетауда да жаңбыр, найзағай және екпінді жел болжанып отыр. Күндіз кей уақытта нөсер жаңбыр жауады.
Қостанай облысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсіп, жел күшейеді.
Өңірдің солтүстігінде кей жерлерде қатты жаңбыр жауады. Түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін, ал жел екпіні кей аумақта секундына 23 метрге дейін жетеді.
Павлодар облысының батысы, солтүстігі және шығысында аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Күндіз жел секундына 15-20 метрге дейін, ал облыстың оңтүстігінде 23 метрге дейін күшейеді.
Абай облысының батысы мен солтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Күндіз бұл өңірде де жел екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
Маңғыстау облысының батысы мен солтүстігінде түнде және таңертең тұман күтіледі.
Ақтауда да осындай ауа райы болжанып отыр.
Атырау облысының батысы, солтүстігі және шығысында түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін.
Батыс Қазақстан облысының оңтүстігі мен шығысында да тұман болады.
Түркістан облысында, Шымкент пен Түркістан қалаларында 13-15 қыркүйек аралығында төтенше өрт қаупі сақталады.
Өрт қаупінің жоғары және төтенше деңгейі Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстарында және Абай облысында да сақталады.
Ақтөбе облысының солтүстігі мен шығысында күндіз батыстан және солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-18 метрге дейін күшейеді.