«Қылығым үшін ұяламын»: BekaEasy даяшыға қатысты даудан кейін кешірім сұрады

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Желіде BekaEasy деген лақап атпен танымал блогер әрі актер Бекзат Елеусізов Алматыдағы дәмханалардың бірінде болған даудан кейін кешірім сұрап, видео жариялады. Бұған әлеуметтік желіде тараған видео себеп болды. Кадрда Елеусізов даяшыға дөрекі сөйлеп тұрғаны көрінеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Блогер жұрттың неге ашуланғанын түсінетінін айтып, өз әрекетін орынсыз деп бағалады.

– Шынын айтсам, бұл өте жиіркенішті әрекет болды. Нағыз әдепсіздік жасадым, – деді ол.

Елеусізов дәмхана ұжымынан, өзі дауыс көтеріп сөйлескен қызметкерден және болған жағдайды видеоға түсірген қыздан бөлек-бөлек кешірім сұрады.

Блогердің айтуынша, даяшының байланыс нөмірін арнайы іздеп тауып, онымен жеке сөйлесіп, кешірім сұраған.

Полицияға барып, айыппұл төледі

Елеусізов оқиғадан кейін полиция бөліміне барғанын айтты. Кейін балағат сөз айтқаны үшін іс сотқа жеткен.

– Полиция бөлімінде болдым. Балағат сөз айтқаным үшін сот өтті. Айыппұл төледім, – деді ол.

Блогердің сөзінше, видео тарағаннан кейін ол ешқайда қашып, жасырынбаған.

Бірнеше күн бойы үнсіз жүруінің себебін өз-өзіне келуге және даяшыны тауып, онымен сөйлесуге уақыт керек болғанымен түсіндірді.

Ол қызметкермен кездескен сәтті әдейі видеоға түсірмегенін де айтты. Себебі кешірім сұрауды контентке айналдырғысы келмеген.

Елеусізов анасының қайтыс болғанына шамамен 10 ай болғанын және бұл қаза өзіне өте ауыр тигенін жеткізді.

Сонымен қатар, ол мұны болған жағдайға ақталу деп санамайтынын атап өтті.

Блогер кейде ішкі күйзелісін ішімдікпен басуға тырысқанын мойындап, енді мамандар көмегіне жүгінуге ниетті екенін айтты.

Контекст

Бұған дейін Threads қолданушыларының бірі блогердің даяшыға дөрекі сөйлегеніне куә болғанын жазған.

Оның айтуынша, ол Елеусізовті сабасына түсіру үшін өзін блогердің жанкүйері ретінде таныстырып, назарын басқа жаққа бұрмақ болған. Алайда жанжал соған қарамастан жалғаса берген.