Қайрат Шайжанов Жезқазған әкімі қызметіндегі жұмысын аяқтады. Ол қаланы төрт жыл басқарды. Шенеунік тұрғындарға үндеуін жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Қайрат Шайжанов қызметтен кеткенін Instagram-дағы парақшасында хабарлады. Ол қала тұрғындарына сенім білдіргені үшін алғыс айтып, бірге атқарған жұмыстарын еске алды. Сондай-ақ Жезқазғанның өзі үшін жай ғана жұмыс орны емес екенін айтты.
– Төрт жыл ішінде сіздермен бірге қаланың ыстығына күйіп, суығына тоңып, туған қаламыздың дамуы үшін шамамыз келгенше еңбек еттік. Бұл кезең мен үшін үлкен жауапкершілікпен қатар, үлкен мектеп, өмірлік тәжірибе болды. Осы уақыт ішінде талай мәселені бірге көтердік, талай бастаманы бірге жүзеге асырдық. Әрбір кездесудің, әрбір ұсыныс пен пікірдің мен үшін өз орны бар. Қолдаған жерлеріңізде қанаттанып, сынаған жерлеріңізде шыңдала түстім, – деп жазды ол.
Ол үндеуінде қызметтен кету себебін де, алдағы жоспарын да айтпаған.
Қайрат Шайжанов кім?
Ол 49 жаста. Мамандығы бойынша құрылысшы әрі заңгер. Мемлекеттік қызметке келгенге дейін құрылыс компанияларында басшылық қызметтер атқарған.
Әр жылдары Сәтбаев қаласындағы Жезқазған кентінің әкімі, Сәтбаев әкімінің орынбасары, Жезқазған әкімінің кеңесшісі болды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жұмыс істеген. 2015-2017 жылдары Қарағанды облысының Осакаров ауданын басқарды.
Қайрат Шайжанов Жезқазған әкімі қызметіне 2022 жылғы маусымда тағайындалды. Сол айда Ұлытау облысы құрылып, Жезқазған оның әкімшілік орталығы мәртебесін алды.
Ол қаланы басқарған кезеңде «Жомарт» кенішінде ірі қайғылы оқиға болды. 2025 жылғы ақпанда кеніште жеті шахтер қаза тапты. Оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек қауіпсіздігі мәселесіне назар аударып, Үкіметке бірқатар тапсырма берді.
2026 жылғы шілдеде Ұлытау облысының әкімі қызметіне бұған дейін Астана әкімінің орынбасары болған Есет Байкен тағайындалды. Ол бұл қызметте Дастан Рыспековті алмастырды.