АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин Ақ үйдегі келіссөздер барысында бірқатар ірі халықаралық қақтығыс пен дағдарысты талқылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Диалогты жалғастыруға келісті
Қытай тарапының мәлімдеуінше, көшбасшылар Таяу Шығыстағы жағдай, Украинадағы соғыс және Корей түбегіндегі ахуал жөнінде пікір алмасты.
Трамп пен Си алдағы апталарда аймақтағы жаңа кездесулерді өткізуді де қолдады. Қараша айында Қытай АТЭС саммитін қабылдайды, ал АҚШ биыл Флорида штатында G20 саммитін өткізеді. Алайда екі көшбасшының бұл іс-шараларға жеке қатыса ма, жоқ па әзірше нақтыланбаған.
Си тұрақты қарым-қатынас туралы айтты
Си Цзиньпиннің айтуынша, тараптар Қытай мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасты «сындарлы, стратегиялық және тұрақты» бағытта дамытуға келіскен.
Қытай көшбасшысы екі ел арасындағы қарым-қатынастың тұрақты әрі түсінікті болуы тек америкалықтар мен қытайлықтарға ғана емес, бүкіл әлемге пайдалы екенін айтты.
Кездесуге дейін не талқыланды?
Бұған дейін Трамп пен Си Ақ үйдегі кездесуге дейін бірқатар мәлімдеме жасаған. Олар сауда, бәсекелестік, технология және жасанды интеллект мәселелеріне тоқталды.
Трамп Симен арадағы қарым-қатынасты «тамаша достық» деп сипаттаған. Ал Қытай көшбасшысы екі ел арасындағы «салауатты бәсекелестік» ашық текетіреске айналмауы керек екенін айтқан.
Бірнеше жылдан кейінгі алғашқы сапар
Бұл – Трамп пен Сидің биылғы екінші кездесуі және Қытай көшбасшысының Вашингтонға 10 жылдан астам уақыттан кейінгі алғашқы сапары.
Си Цзиньпин Ақ үйге жұбайы Пэн Лиюаньмен бірге барды. Оларды Дональд пен Мелания Трамп қарсы алды.
Ресми рәсім мен мемлекеттік әнұрандар орындалғаннан кейін көшбасшылар баспасөзге мәлімдеме жасап, келіссөздерге кірісті.