Қазақстан – Қытай байланысы күшейеді: 2029 жылға дейін қандай өзгерістер болады

Сырым Қаржас
Ақорда

Алматыда өтіп жатқан Қазақстан – Қытай инвестициялық форумында президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы көлік-логистика, жасанды интеллект және инвестициялық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын атады. Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай Қытайдан Еуропаға қатынайтын контейнерлік пойыздар саны 3 000-ға дейін жетуі мүмкін екенін айтып, қазақ-қытай инвестициялық қорын құру туралы келісімге қол қойылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бүгін Алматыда Қасым-Жомарт Тоқаевтың  қатысуымен Koktobe Hall алаңында «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы басталды. Форум Маңғыстауда қаза тапқан әскери қызметшінілерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.

Орта дәліз: Қазақстан Қытайдан Еуропаға транзитті арттырмақ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықтың маңызын атап, Орта дәлізді дамыту ел үшін басым бағыт екенін айтты. Оның сөзінше, 2029 жылға қарай Қытайдан Еуропаға қатынайтын контейнерлік пойыздардың саны 3 000-ға дейін жетуі мүмкін.

– Қазақстанның Бас консулдығын ашу жоспарланып отыр. Біз Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарының заманауи конфигурациясын қалыптастыратын Орта дәлізді дамытуды басым міндет деп есептейміз. Бүгінгі форумға еліміздің транзиттік бағыттарының өткізу қабілетін кеңейту жұмыстарына белсенді қатысып жүрген компаниялардың қатысып отырғаны қуантады.

Біздің болжамымыз бойынша, 2029 жылға қарай Қытайдан Еуропаға қатынайтын контейнерлік пойыздардың саны 3 000-ға дейін артады. Бұл Қазақстанның жаһандық логистикалық тізбектердегі маңызды көлік хабтарының бірі ретіндегі позициясын нығайтады.

Бірқатар бірлескен бастама қазірдің өзінде нақты сипат ала бастады. Биыл тамыз айында Арал – Каспий автомагистралінің құрылысы басталды. Қазақстан нарығына ірі әлемдік жүк әуе компаниялары да шығып жатыр.

Азаматтық авиацияның да маңызы зор. Биыл Алматы – Сиань, Алматы – Шанхай, Астана – Гуанчжоу, Ақтау – Үрімші бағыттарында әуе рейстері ашылды. Осы аптада Алматы мен Чунцин қалаларын тікелей байланыстыратын алғашқы жолаушылар бағыты іске қосылды. Әуе қатынасын одан әрі кеңейту елдеріміз арасындағы іскерлік ынтымақтастыққа қосымша серпін беріп, туризмнің дамуына ықпал етеді, – деді Тоқаев.

Қазақстан мен Қытай жасанды интеллект саласында ынтымақтасады

Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту Қазақстанның стратегиялық міндеттерінің бірі екенін айтып, Қытаймен технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін жеткізді. 

«Қазақстан алдына аса маңызды міндет қойды: толық цифрлық мемлекетке айналу және цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын барлық салаға кеңінен енгізу. Біз әлемдегі барлық жетекші технологиялық орталықтармен ынтымақтастыққа ашықпыз.

Биыл Қазақстан жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Дүниежүзілік ұйымның құрылтайшыларының қатарына кірді. Осылайша жаңа халықаралық технологиялық ынтымақтастық платформасының мүшесі атанды. Бұл бастама Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге тиесілі.

Қазақстан технологиялар трансферіне, бірлескен инженерлік және зерттеу орталықтарын құруға мүдделі. Жаңа буын мамандарын даярлауға да ерекше мән береміз. Елордада алғашқы қазақ-қытай жасанды интеллект мектебін ашуды жоспарлап отырмыз.

Технологиялық серіктестігіміздің жемісті дамуының жарқын символына Alatay city жобасын жатқызуға болады. Бұл ауқымды жоба Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасындағы іскерлік белсенділіктің қуатты орталығына айналуға тиіс.

Сонымен қатар елдің солтүстігінде, Павлодар облысында деректерді өңдеу орталықтарының «Күн алқабы» құрылып жатыр. Жоба деректерді өңдеу және сақтау инфрақұрылымын дамытуды, бұлтты сервистерді және жасанды интеллектіні енгізуді көздейді. Осы перспективалы жобаға қытайлық кәсіпкерлер белсенді қатысады деп үміттенеміз», – деді президент.

Қазақстан мен Қытай инвестициялық қор құрады

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты қаржылық тетіктер арқылы нығайтудың маңызын да атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан инвестициялық жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай жасауды көздейді.

«Мұндай бастамаларды жүзеге асыру, әрине, қаржылық архитектура құруды талап етеді. Қазақстанда көптеген жылдан бері Астана халықаралық қаржы орталығы табысты жұмыс істеп келеді. Ол түсінікті әрі қолайлы юрисдикцияны, заманауи биржалық алаңды және мәмілелерді құрылымдауға арналған кең ауқымды құралдарды ұсынады. Астана халықаралық қаржы орталығының әлемдегі жетекші қаржы орталықтарының бірі – Гонконгпен өзара іс-қимылын дамытуда үлкен әлеует көріп отырмыз.

Биыл қыркүйектің басында «Самұрық-Қазына» қоры Орталық Азия мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері эмитенттерінің арасында алғаш болып Қытайдың банкаралық нарығына шығып, жалпы сомасы 3 миллиард юаньнан асатын панда облигацияларын шығарды. Бұл шамамен 450 миллион долларға тең.

Қазақстан бүкіл инвестициялық циклді барынша қысқа, ашық әрі технологиялық етуге ниетті. «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы жанынан қазақ-қытай инвестициялық қорын құру туралы келісімге қол қою – осы бағыттағы кезекті маңызды қадам. Құрылып жатқан қор институционалдық капитал тартудың және ірі жобаларды бірлесіп қаржыландырудың тиімді арнасына айналуға тиіс»,– деді Тоқаев форумда.

Перизат Жарылқасын