440 млн доллар инвестиция және адамтектес роботтар: қытайлықтар Алматыда не өндірмек

Сырым Қаржас
Ulysmedia коллажы

Қытайлық UBTECH Robotics компаниясы қазақстандық NERO GROUP компаниясымен бірлесіп, Алматыда робототехника өндірісін жолға қоймақ. NERO GROUP бас директоры Ерлан Нәбиев Қытай компаниясы робот жасауға 440 млн доллар инвестиция салатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

440 миллион долларлық инвестиция

Жобаға бастапқы кезеңде 440 миллион доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр. Инвестициялық кешен бірнеше бағытты қамтиды. Атап айтқанда, мұнда гуманоид роботтардан бөлек, білім беру робототехникасына арналған жиынтықтар шығарылады. Сонымен қатар, өндіріс орнында ғылыми-зерттеу жұмыстары мен бағдарламалық жасақтама әзірлеу де жүргізіледі. Шэньчжэнь қаласында орналасқан UBTECH Robotics 2012 жылы құрылған.

– UBTech Robotics компаниясымен Қазақстанда робототехника өндірісін жергіліктендіру туралы келісімге қол қойдық. Қазір жобаны арнайы экономикалық аймақ аумағында жүзеге асыра бастадық. Бастапқы кезеңде инвестиция көлемі шамамен 440 миллион доллар болады. Мұнда өндірістен бөлек, R&D, яғни зерттеу және әзірлеу мен бағдарламалау бағыттарын да Қазақстанда дамыту көзделген. Қазір арнайы экономикалық аймақ аумағында осы мақсатқа арналған көлемі шамамен 25 мың шаршы метр болатын орталық салынып жатыр. Біздің мақсатымыз – роботтардың адамды алмастыруы емес, оған көмекші болуы, – деді Ерлан Нәбиев.

Мектептер робототехникамен жабдықталады

Нәбиевтің айтуынша, өндірілген роботтарды ең әуелі білім беру және қызмет көрсету салаларында қолдану жоспарланған. Олар өндіріс пен логистикада да пайдаланылмақ. Қазан айынан бастап Алматыдағы 30 мектепке қазақстандық өндірістегі робототехника жиынтықтарын жеткізу жоспарланып отыр. Ал 2028 жылға қарай тағы 200-ден астам мектепті қамту көзделген.

– Жиынтықтардың көмегімен оқушылар робот құрастыруды, бағдарламалауды және жасанды интеллект технологияларымен жұмыс істеуді үйренеді. Ең бастысы, олар отандық қазақ роботтарын құрастырады, – деді NERO GROUP басшысы.

Ал 2027 жылдың екінші тоқсанынан бастап зауытта гуманоид роботтарды өндіруді бастау жоспарланған. Өндірістік қуат жылына 1 000 робот шығаруға есептелген. Роботтардың бағдарламалық жасақтамасын да Қазақстанда әзірлеу көзделіп отыр екен.

– Қазан айынан бастап білім беру робототехникасын өндіруді бастаймыз. Жыл соңына дейін Алматыдағы шамамен 30 мектепті қазақстандық өндірістегі робототехникамен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. 2028 жылға қарай 200-ден астам мектепті де қамту көзделген. Қазір өндірістік қуатымыз жылына 50 мың білім беру робототехникасы жиынтығын шығаруға есептелген. Ал сервистік және гуманоид роботтарды жергіліктендіруді 2027 жылдың екінші тоқсанында бастауды жоспарлап отырмыз. Бұл бағыттағы өндірістік қуат жылына 1 000 робот шығаруға есептелген, – деді Нәбиев.

Университет ғалымдары жобаға тартылады

NERO GROUP қазір әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті және Сәтбаев университетімен ынтымақтастық орнатып жатыр. Компания өкілдері робототехника бағытындағы ғылыми жұмыстарға осы оқу орындарының ғалымдарын тартуды жоспарлап отыр.

Компаниялар арасындағы ынтымақтастық 2025 жылдың қарашасында басталған. Сол кезде Алматы әкімдігінің ұсынысымен NERO GROUP өкілдері UBTECH Robotics басшылығымен кездесті. Ал биыл Шанхайда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Қазақстан – Қытай форумында тараптар бірлескен қызмет туралы келісімге қол қойды.

Перизат Жарылқасын