"Қазақстан мен Қытай – екі дос": Тоқаев жаңа бағдарламаны іске қосуды ұсынды

Сырым Қаржас
Ақорда

Алматыда өтіп жатқан Қазақстан – Қытай инвестициялық форумында Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің өндірістік серіктестігін кеңейту үшін «Common History Destiny. Designed and Made in Both China And Kazakhstan» бағдарламасын іске қосуды ұсынды. Сонымен қатар президент Қазақстан мен Қытай «сенімді серіктестер» ретінде қазіргі сын-қатерлерге бірлесіп жауап беруі керек екенін айтып, екі елді «дос, көршілес елдер» деп атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Тоқаев өнеркәсіп саласындағы ықпалдастықты нығайтудың маңызына назар аударып, «Common History Destiny. Designed and Made in Both China And Kazakhstan» атты қазақ-қытай бағдарламасын іске қосуды ұсынды.

Бүгінде бұл бағытта жалпы құны 62 миллиард доллардан асатын 260 бірлескен ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.

– Қытайлық кәсіпорындар Алматыда автокөлік кластерін дамытуға белсенді атсалысып келеді. Ортақ күш-жігеріміздің арқасында Қарағанды облысында кремний өндірісі іске қосылды. Сонымен қатар металлургия, мұнай-газ химиясы және энергия жинақтау салаларында іргелі бастамалар қолға алынды. Агроөнеркәсіп кешенін бірлесіп дамыту жөнінде бірқатар уағдаластыққа қол жеткіздік, нақты бастамаларды жүзеге асырып жатырмыз. Соның ішінде Lihua, Fufeng, Dalian Hesheng Holdings компанияларының мақта-мата кластерін қалыптастыруға және жүгері мен бидайды терең өңдеуге арналған маңызды жобаларын ерекше атап өткім келеді. Біз жекелеген инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы толыққанды өндірістік экожүйе қалыптастыруды көздейміз. Бұл қадам Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ, Оңтүстік Кавказ және Еуропа елдерінің нарықтарына бірлесіп шығуға мүмкіндік береді. Осы орайда «Common History Destiny. Designed and Made in Both China And Kazakhstan» деп аталатын қазақ-қытай бағдарламасын іске қосуды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Тоқаев сөз соңында Қазақстан мен Қытай мәңгі достық байланыстарын нығайтуға баса мән беріп отырғанын ерекше атап өтті.

– Қос халық өзара сыйластық пен қолдау аясында көп жыл бойы бірге өмір сүрген. Ал қазіргі тұрақсыз, бұлдыр заманда Қазақстан мен Қытай сенімді серіктестер ретінде қоян-қолтық бірге әрекет етіп, сан алуан сын-қатерлерге тойтарыс беруі керек. Қытай тілінде мынадай мағыналы мақал бар: «Біз бәріміз біртұтас болсақ, биік Тайшань тауын да орнынан қозғай аламыз». Қазақстан мен Қытай – екі дос, көршілес ел болып, әрбір істі ойдағыдай жүзеге асырады деп сенемін,– деп түйіндеді Тоқаев.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай Қытайдан Еуропаға қатынайтын контейнерлік пойыздар саны 3 000-ға дейін жетуі мүмкін екенін айтып, қазақ-қытай инвестициялық қорын құру туралы келісімге қол қойылғанын мәлімдеді.