Алматы соты іс қозғады: Jusan тобын Қазақстанға қайтару көзделіп отыр

Ulysmedia

Алматы қаласының Бостандық аудандық соты «Pioneer Capital Invest» ЖШС мен Jusan Technologies Ltd арасындағы «First Heartland Jusan Bank» АҚ-ның, сондай-ақ онымен байланысты ұйымдардың  активтерін шетелдік юрисдикцияларға беру туралы мәмілені жарамсыз деп тану туралы Алматы қаласы прокурорының талап арызы бойынша азаматтық іс қозғады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Бас прокуратура мәліметінше, капиталды жымқыру және шет елге шығару фактілерін анықтау үшін банк секторында жүргізілген талдау барысында «Jusan» тобының активтерін басқару құрылымын өзгертудің көлеңкелі схемасы анықталды.

“Аталған схеманы жүзеге асыру нәтижесінде топтың қызметін бақылау құзіреті шетелде тіркелген ұйымдарға өтеусіз берілген. Атап айтқанда, 2020 жылғы 27 сәуірде Jusan тобының иесі «Pioneer Capital Invest» ЖШС-ның қатысушыларының жалпы жиналысында Pioneer мүлкін шетелде тіркелген Jusan Technologies Ltd компаниясының жарғылық капиталына беруді мақұлдау туралы шешім қабылданған. Бұл әрекеттер қоғамдық мүдделерге, оның ішінде «Назарбаев Университеті» мен «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» ондаған мың қазақстандық студенттері мен оқушыларының мүдделеріне қауіп төндірді. Себебі «Jusan» тобының акциялары, облигациялары мен депозиттері бойынша дивидендтері аталмыш оқу орындарын қаржыландыру көздерінің бірі”, – делінген ведомство хабарламасында.

Бұдан бөлек, 2023 жылғы 3 ақпанда Бас прокуратураға бірқатар субъектілердің құқыққа қарсы әрекеттерінің салдарынан Jusan тобы шетелдік мемлекеттер азаматтарының бақылауына өтіп кету фактілері бойынша прокурорлық қадағалау шараларын қабылдау туралы «Назарбаев қорының» арызы келіп түскен.

“Осылайша, прокуратура органдарының мақсаты тек әділеттілікті қалпына келтіріп, «Jusan» тобының активтерін басқаруды Қазақстанның құзырына қайтару болып табылады. Сонымен қатар, аталған талап арыз Jusan Bankтің жұмысына қатысты емес, яғни оның ағымдағы қызметіне, сондай-ақ банктің клиенттері мен іскерлік серіктестіктерімен өзара іс-қимылына шектеу қоймайды. Істің сотта қаралуы Jusan Bankтің жұмысына әсер етпейді, ол қалыпты жағдайда жұмысын жалғастыратын болады”, – деп мәлімдеді Бас прокуратура.

Еске сала кетсек, бұған дейін Jusan Bank миноритарлы акционері саналатын – «Назарбаев Қоры» білім беру қорының басшысы Аслан Сәрінжіпов мәлімдеме жасаған еді. Оның айтуынша, «Jusan – қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстаннан гөрі өздеріне қауіпсіз саналатын басқа мемлекетке көшіп кеткен адамдардың бақылауына өткен».

«Мен бұл шешіммен келіспейтінімді ресм түрде айтқанымды атап өткім келеді», - деген еді Сәрінжіпов.

Сәрінжіповтің мәлімдемесінен кейін Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтан Назарбаев мектебі мен университетінің келешегі не болатынын сұрағанбыз.