Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Сеулде қазақстандық азаматтың қаза болғанын ресми түрде растады. Ведомствоның мәліметінше, оқиға құрылыс нысанында болған және жазатайым оқиға ретінде сараланған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Корей БАҚ-тарының мәліметінше, қайғылы оқиға 29 қыркүйекте болған. Ер адам 23-қабаттағы бөлмеде болған кезде бетон төбенің бір бөлігі оның үстіне құлаған. Осыдан кейін Корея Республикасының Еңбек министрлігі нысандағы барлық жұмысты уақытша тоқтатты.
СІМ не дейді
– Қазақстандық дипломаттар қаза болған азаматтың туыстарымен байланыс орнатып, оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр, – деп хабарлады ҚР СІМ.
Оңтүстік Кореяның құзырлы органдары оқиғаның мән-жайын анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Контекст
Бұған дейін Қазақстан азаматы Әсет Құралбайдың АҚШ-та жұмбақ жағдайда қаза болғаны туралы жазған едік. Ulysmedia.kz оның өліміне қатысты оқиғалардың хронологиясын зерттеп, дәлелдерді, оқиғаға қатысты күмәнді жайттарды және қазақстандықтың қаза тапқан жердегі қылмыстық ахуал туралы мәліметтерді жинаған.