«Украинаны кім басқаратынын Украина халқы шешеді» - Сибига Трампқа жауап берді

Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибига АҚШ президенті Дональд Трамптың Владимир Зеленский туралы мәлімдемесіне жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Министр Зеленскийдің елді соғыс жүріп жатқан ауыр кезеңде басқарып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Украина тәуелсіздігі, еркіндігі мен қадір-қасиеті үшін күресіп жатыр, ал президент халықтың қолдауына ие.

«Елімізді кім басқаратынын шетелдегі біреу емес, Украина халқы шешеді», - деді Сибига.

Министрдің пікірінше, Трамптың Зеленский туралы айтқан сөздері Украина президентінің өз міндетін лайықты атқарып отырғанын көрсетеді.

Еске салайық, бұған дейін Трамп Украинаға Ресеймен соғысты тоқтату жөнінде келісімге келе алатын жаңа басшы қажет екенін мәлімдеген.

Бұған дейін Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраева Киевте Андрей Сибигамен сұхбаттасқан еді. Әңгімеде соғысты тоқтату мүмкіндігі, Трамптың рөлі, қауіпсіздік кепілдіктері және Қазақстан мен Украина арасындағы қарым-қатынас талқыланды. Каспий құбыр консорциумына қатысты шабуылдар мен Қазақстан мұнайының экспорт қауіпсіздігі туралы да сұрақтар қойылды. 

Андрей Сибигамен толық сұхбатты осы жерден оқи аласыздар.⁠

Жуырда Ulysmedia түсірілім тобы Киев, Буча және Ирпень қалаларына барып, соғыс зардабын көрген тұрғындармен сөйлесті. Соғыстың қарапайым адамдардың өмірін қалай өзгерткенін көрсететін Ulysmedia-ның Украина туралы арнайы фильмін осы жерден көре аласыздар.