Доңға кен орнына қатысты даудың келіссөз арқылы шешілуі Қазақстанның Қашаған жобасына байланысты миллиардтаған долларлық дауда ұстанымын нығайтуы мүмкін. Мұнай-газ саласының сарапшысы Олег Червинскийдің пікірінше, бұл жағдай шетелдік мұнай компанияларымен сотқа бармай-ақ, келісімге келуге болатынын көрсететін үлгі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Алдыңғы аптада Қазақстан Доңға кен орнына қатысты ұзақ жылдарға созылған дауды реттеу жөнінде келісімге келді. Тараптар 2013-2019 жылдары кен орнын игеруге жұмсалған шығындарға қатысты ортақ мәмілеге келе алмаған. Атап айтқанда, мемлекет пен инвесторлар осы шығындардың қай бөлігін өндірілген мұнай есебінен өтеуге болатыны жөнінде келіспеген.
Олег Червинский өзінің Telegram-арнасында осы мәселеге қатысты назар аударарлық жайтты атап өтті. Оның айтуынша, сол жылдары жобаны даниялық Maersk Oil және франциялық Total компаниялары басқарған. Ал «ҚазМұнайГаз» кен орны операторының үлесін тек 2023 жылы сатып алған. Сондықтан бұған дейінгі даулы шығындардың туындауына оның қатысы болмаған.
2013 жылы Maersk шамамен бір миллиард долларға бағаланған ауқымды бағдарлама бастаған. Компания 198 жаңа ұңғыма бұрғылап, мұнай өндіру көлемін тәулігіне 30 мың баррельге дейін жеткізуді жоспарлаған. Алайда бұл жоспар орындалмады. Кейін Total компаниясы да көзделген көрсеткіштерге жете алмады. 2023 жылы Доңға кен орнында мұнай өндіру көлемі тәулігіне шамамен 11 мың баррель ғана болды.
– Осыдан мемлекет уәде етілген мұнай көлемін бермеген миллиард долларлық бағдарламаның бір бөлігін өтелетін шығындар қатарына қосудан бас тартты деп болжауға болады, – дейді Червинский.
Қашаған дауы: Қазақстан шетелдік серіктестерге нені көрсете алады?
Сарапшының айтуынша, Доңға дауы Қазақстан үш ірі мұнай жобасына қатысты даудың ішінде халықаралық арбитражға жүгінбей, келіссөз арқылы реттей алған алғашқы жағдай болды.
Қарашығанақ кен орнына қатысты дау бойынша 2026 жылғы қаңтарда Қазақстанның арбитражда жеңіске жеткені жарияланды. Ал талап-арыздардың жалпы сомасы 160 миллиард долларға жететін Қашаған дауына қатысты іс әлі де жалғасып жатыр.
– Қазақстан үкіметінің Доңға жобасының акционерлерімен қол жеткізген келісімі Қашаған төңірегіндегі шахмат ойынының бір бөлігіне айналуы мүмкін. Доңға бойынша қол жеткізілген нәтижені ірі жобаларға қатысатын шетелдік серіктестерге дауды өркениетті жолмен шешудің үлгісі ретінде көрсетуге болады, – деп атап өтті Червинский.
Контекст
Қазақстан мен Оман «Доңға» кен орнына қатысты дауды реттейтін келісімге қол қойды. Бұл келісім Қазақстан экономикасына, оның ішінде мұнай өндіру саласына қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар Оманның Ормуз бұғазына жақын орналасуы Қазақстан үшін мұнай экспорты бағытында қосымша мүмкіндік береді. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Ulysmedia.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.