Түркияда зілзала құрбандарының саны 42,3 мыңнан асты

Ulysmedia

Түркияда жер сілкінісінен қаза тапқан адам саны 42 310 адамға жетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Бұл туралы Түркия Үкіметі жанындағы табиғи апаттар және төтенше жағдайлармен күрес басқармасы (AFAD) мәлім етті.

Жер сілкінісінен қаза тапқандар –  Каһраманмараш, Газиантеп, Шанлыурфа, Диярбакыр, Адана, Адыяман, Османие, Хатай, Килис, Малатия және Элязыг илдерінің тұрғындары. Ал апат аймағынан 448 018 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Қазір жер сілкінісі болған жерде AFAD, Түрік қарулы күштері, жағалау күзеті, өртке қарсы қызмет, үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық құрылымдарды қосқанда, барлығы 14 740 қызметкер құтқару жұмыстарымен айналысып жатыр.

Анадолы агенттігінің мәліметінше, жер сілкінісі болған жерде полиция, жандармерия, жедел жәрдем және басқа да мекемелердің қызметкерлерін есептегенде, 242 392 адам бар.

Еске салайық, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысындағы Кахраманмараш провинциясында 7,7 және 7,6 балдық жер сілкінісі болды. Жүздеген жер сілкінісімен жалғасқан зілзала елдің 10 провинциясы мен көршілес мемлекеттерде сезілді, оның ішінде Сирия ең көп зардап шеккен.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Түркияның жойқын зілзаладан зардап шеккен аудандарында қаза тапқандарды жерлеуге орын табылмай жатыр. Мәйіттердің көптігі сонша, имамдар бір уақытта ондаған құрбандар үшін жаппай жерлеу рәсімін өткізуге мәжбүр. Ал көрші ауылдар мен Ыстамбұлдан қаза тапқандарды жерлеу үшін табыттар әкелініп жатыр.