Тоқаев Путинге: Мемлекеттік шекарада қауіпсіздікті сақтау – кез келген елдің басым бағыты

Аян Өрібай

Қазақстан президенті ресейлік шекара қызметінің жұмысы салдарынан ауыр жүк көліктері көрші елге тауарды аз мөлшерде апаруға мәжбүр болып отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«Жүк тасымалдаушылардың проблемасына жеке тоқтала кеткім келеді. Бұл  біз үшін маңызды мәселе. Қазақстан мен Ресейдің шекарасында көліктерді өткізетін 30 бақылау бекеті бар. Олардың бесеуі ғана инспекциялық бақылаушы кешенмен қамтылған. Өкінішке қарай, олардан жиі ақау шығады. Бұл жерде әңгіме Саратов, Орынбор, Челябі, Қорған, Түмен облыстарына қатысты болып отыр. Ресейдің шекара қызметі жүк көліктеріне технологиялық тұрғыда жаңа талаптарды қойып жатыр. Жүргізушілерге жүктерін тексеру аумағында көліктерінен түсіруге мәжбүр болады. Айналып келгенде осының салдарынан жүк немесе тауарлар бұзылады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің ХVІІ өңіраралық ынтымақтастық форумында.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, осының салдарынан жүк тасымалдаушылар жүкті азырақ тиеуге мәжбүр. Ауыр жүк көліктері 30-40 тонналық жүктердің орнына 15 тонна жүк тасымалдауға көшкен.

«Осының салдарынан көлікке кедергі туындап, тауардың бағасы шарықтап шыға келеді. Мемлекеттік шекарада қауіпсіздік сақтау – кез келген мемлекеттің басымдыққа ие жұмысы. Біз де қауіпсіздік шараларына толық түсіністікпен қараймыз. Әсіресе Ауғанстандағы оқиғалар аясында бұл мәселенің маңызды екенін сіз, Владимир Владимирович (Ресей президенті – авт.), Ұжымдық Қауіпсіздік Келісім Шарты Ұйымына мүше мемлекеттерінің басшылары отырыстарының бірінде табанды түрде айтқан болатынсыз. Десе де заманға сай инспекциялық құралдар коммерциялық транзиттің бірқатар мәселесін шешер еді», - деді ол.