Экология мәселелері кейінге қалдыруға болмайтын проблемаға айналып барады – президент

Аян Өрібай

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, экологиялық проблемалар Қазақстанға да, Ресейге де ортақ. Ал бұл мәселені кейінге ысыруға енді болмайды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«Бүгінгі форумның тақырыбы – экология мен жасыл даму саласындағы әріптестік. Шынымен де, бұл тақырып маңызды әрі кейінге ысыруға болмайтын сипат алып келеді. Қазақстан өз аумағында ғана емес, бүкіл өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту бойынша бірқатар ірі халықаралық жобаларды іске асырды. Бұл – әлемдегі ірі ядролық полгонды жабу, Арал теңізін қорғау және Каспийді сақтау бойынша ауқымды бағдарламаларды іске асыру жобалары», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің ХVІІ өңіраралық ынтымақтастық форумында.

Путиннің қатысуымен өтіп жатқан форумда Қасым-Жомарт экология мен биоалуандықты сақтау мәселелеріне Қазақстанның үлкен маңыз беріп қарайтынын ескертті.

«Қазақстан мен Ресейдің экологиялық проблемалары өте ұқсас. Бұл – ауа мен судың, топырақ ластануының жоғары деңгейі, радиациялық және өнеркәсіптік қалдықтардың қордалануы. Көршілес жатуымызды ескерсек, біздің проблемалар екі елге де ортақ деуге болады», - деді мемлекет басшысы.