"Ақы ұсынған жоқ": Соққыға жығылған заңгерлер депутат Тұрлыхановтың сөзін жоққа шығарды

Ғалиасқар Думан

Дәулет Тұрлыхановтың ұлы соққыға жыққан ерлі-зайыпты заңгерлер депутаттың Мәжіліс кулуарындай айтқандарын жоққа шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Естеріңізде болса, кеше Дәулет Тұрлыханов ұлының бұзақылық ісі жайлы пікір білдірген.

«Тергеу амалдары жүріп жатыр. Мен Черновтар отбасынан кешірім сұрадым, қажет жағдайда емдеуге көмек көрсетуге дайын екендігімді айттым. Бірақ, олардан хабар болмады. Алдағы 10 күн немесе 2 апта көлемінде тергеу нәтижесімен таныс боласыздар. Бұл процеске мен араласып жатқан жоқпын», - деген еді ол.

Сондай-ақ, депутат сайлауға қатысудан бас тарту туралы ойы болғанын айтты. Алайда ұлы кәмелет жасына толған азамат екенін, өз ісіне өзі жауапты екенін ескеріп, райынан қайтыпты.

«Черновтар татуласқысы келеді деген ақпарат бар. Қазір маңыздысы тергеу органдарының бағасы берілсін, одан әрі көре жатармыз», - дейді ол.

Алайда Тұрлыхановтың ұлы соққыға жыққан адвокат Анна Дмитриевич Дәулет Тұрлыхановтың сөзін жоққа шығарды. Ол күйеуі екеуінің депутаттың ұлымен татуласуға ниеті жоқ екенін мәлімдеді.

«Менен де, Олегтен де татуласу туралы сөз шыққан жоқ. Оған мұндай ақпаратты кім бергені түсініксіз. Ешкім бізге емделу үшін ақы ұсынған жоқ, мұнысы да шындыққа сай келмейді», - деп жазды адвокат Instagram-дағы парақшасында.

Еске салайық, ақпан айында заңгер Анна Димитриевич күйеуі Олег Чернов екеуін Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл соққыға жыққанын мәлімдеді.

Көп ұзамай оның үстінен ҚР ҚК-нің 293-бабы “Бұзақылық” бойынша қылмыстық іс қозғалды.