Ауғанстанның бұрынғы президенті БАӘ-ге қазақстандық әуекомпанияның ұшағымен қашты

Ulysmedia

15 тамызда Ауғанстанның бұрынғы басшысы Ашраф Ғани Өзбекстан арқылы елден қашып, ол жақтан қазақстандық әуе компанияның лайнерімен Біріккен Араб Әмірліктеріне ұшып кетті, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

8am.af басылымының мәліметінше, бұрынғы президентпен бірге Кабулдан қашқан 53 адамның арасында болған адамдардың бірі жағдай қалай болғанын айтып берген. Сарай аумағында төтенше жағдай кезіне арналған бірнеше тікұшақ болған. Ауғанстанның бұрынғы басшысы бағыныштыларымен бірге ел астанасынан асығыс кетіп қалған. Одан кейін олар Өзбекстанда қиын жағдайға тап болады, себебі көбінің төлқұжаттары болмаған және Өзбекстан тарапы белгісіз тікұшақтарды қабылдағысы келмеген. Кейін Ғани өзбек әскерилерімен келіссөздер жүргізуге кетіп, онымен бірге жүрген адамдар Термез әуежайында 31 сағат тұрған.

«16 тамызда оларды алып кету үшін мемлекеттік немесе коммерциялық белгілері жоқ кішкентай ақ ұшақ ұшып келген. Ұшақ оларды БАӘ-ге апарған. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл қазақстандық әуе компаниясына тиесілі. Бұл жерде әңгіме қазақстандық FlyJet әуе компаниясының ұшағы туралы болып отыр. Лайнер Термезден Әбу-Дабиге рейс орындаған. Ашраф Ғани мен оның 53 серігі 16 тамыз күні сағат 23.00-де БАӘ-ге ұшып кеткен. Жол ұзақтығы 3,5 сағатты құрады», - делінген баспасөз бетінде.