Қазақстан өз аумағында Қытайдың ірі жоғары оқу орындарының бірінің филиалын ашуға мүдделі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қытай Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Елдеріміздің білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылығы артып келеді. ҚХР-да техникалық білім сапасы жоғары екенін ескере отырып, Қазақстанда Қытайдың ірі жоғары оқу орындарының бірінің филиалын ашуға мүдделі екенімізді тағы да атап өткім келеді», - деді Қ.Тоқаев.
Айта кетейік, бүшін президент жұмыс сапарымен Қытайға барды. Тоқаев 18 мамырда Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен кездеседі және мемлекеттік сапар аясында бірқатар шара өткізеді, сондай-ақ Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығының іргетасын қалау рәсіміне қатысады.
Ал 19 мамырда «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысады. Сонымен қатар президент еліміздің Сиань қаласындағы Бас консулдығының салтанатты түрде ашылу рәсіміне қатысады деп жоспарланып отыр.