Ринат Зайытов: Үкімет саботаж жасап отыр деген сөзді жоққа шығармаймын

Аян Өрібай

Депутат Ринат Зайытов әріптесі Ермұрат Бәпидің «үкімет кей сұрақтарда саботаж жасап отыр» деген сөзімен ішінара келісетінін айтады. Айтысқа қатыстырса қазір де дайын екенін білдіреді. Ulysmedia.kz тілшісі мәжіліс кулуарында Ринат Зайытовқа бірнеше сұрақ қойып үлгерді.

Фото: Ашық дереккөзден

«Үкімет кейде саботаж жасап отыр деп әріптесіңіз Ермұрат Бәпи айтты. Сізге де солай көріне ме?» деген сұраққа Ринат Зайытов «иә солай көрінеді» деп жауап берді.

«Бір заңды өткізетін кезде үкімет тарапы «мынау бізге тиімсіз» деген кезде «бұл қалай?» деп ойлаймыз. Ең бірінші біз халықтың игілігіне, халыққа тиімді болу үшін жұмыс істеуіміз керек деп ойлаймыз. Ол енді қаншалықты саботаж жеп айтуға болатыны - зерттелуі тиіс мәселе. Өйткені кез келген ұғым болса, оны айта алатындай дәлел болуы керек. Міне, мына орган немесе ведомство саботаж жасап отыр дейтіндей. Сондықтан, Ермұрат ағамыздың жеке пікірі, мен оны жоққа шығармаймын», - дейді ол.

Ринат Зайытов бұдан бұрын Алматы қаласынан Қазақстанның айтыс ақындары мен жыршы – термешілер одағының атына тұрақты мекенжайы болып бекітілетін ғимарат ашып беруді сұраған еді. Алайда бұл өтініші ел ішінде біраз сынға ілігіп, «одан да өзекті мәселе бар емес пе?» дегендер болған. Бұл сын жайлы депутаттың өзі не ойлайтынын да сұрап көрдік.

«Өзім сол айтыскер ақындар мен жыршы-термешілер одағының мүшесімін. Демек, менің халықтың алдында қандай міндеттемелерім болса, одақтың да алдында белгілі бір міндеттемелерім бар. 5 мамыр күні одақ құрылтайы болды. Сол кезде құрылтай аясында ортақ келген шешім сол еді. Оны осында келіп дыбыстаушы ғанамын. Айтушы адаммын. Әрине, әр адам мынау мен үшін маңызды емес деуі мүмкін. Мен өңірлерді аралағанда, «бізге кітапхананы не үшін сатып алып бердіңдер?» деген қазақтарды да көргенбіз. Менің түсінігімде, ең біріншіден руханиятымыз бен мәдениетіміз болуы керек», - дейді ол.

Ринат Зайытов дәстүрлі өнер көп қағажу көргенін атап өтті.

«Сарай сұрап отырған жоқпыз ғой. Белгілі бір мекенжайы болса дейміз», - дейді ол.

Сөз соңында «сіз өзіңіз айтысқа депутаттық мандаттан кейін қатысасыз ба?» деген сұраққа «мен бітпей тұрып та қатыстырса айтыса беремін» деп жауап берді.