"Жаңаөзендік мұнайшылармен келіссөз аяқталды": желідегі ақпаратқа түсініктеме берілді

Ғалиасқар Думан

Әлеуметтік желілерде жұмысқа орналастыруды талап еткен жаңаөзендік мұнайшылармен келіссөз аяқталғаны жайлы ақпарат тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

“ҚазМұнайГаз” бұл ақпаратты жоққа шығарды.

“Бүгінгі таңда арнайы жұмыс тобының қызметі жалғасып жатыр, топ мүшелері мұнай сервис кәсіпорындарын тексеріп, қаланың еңбек ұжымдарымен және кәсіподақ ұйымдарымен кездесулер өткізеді. Қазіргі уақытта «Өзенмұнайгаз» АҚ-тың қаржы-шаруашылық қызметін тексеру жөніндегі жұмыс аяқталуға жақын, аралық қорытындылар шығарылып жатыр”, – делінген хабарламада.

Компания анықталған сәйкессіздіктер бойынша комиссия кейбір қызмет түрлерін, оның ішінде ұңғымаларды жерасты жөндеу, көлік қызметтері және т.б. қызметтерді одан әрі тексере түсетінін мәлім етті.

“Одан бөлек, алдағы екі аптаға жауапты мамандарды тарта отырып, мердігер ұйымдардың еңбекақы төлеу, әлеуметтік төлемдер, қауіпсіздік техникасын сақтау шарттарына инспекция жүргізу жоспарланған”, – деп мәлім етті компанияның баспасөз қызметі.

Еске салсақ, 10 сәуірде  Жаңаөзендегі «БерӘлі Маңғыстау Company» мекемесінің жұмыстан қысқарған 80-ге тарта жұмысшысы Астанаға келіп, Энергетика министрлігі ғимаратының алдына наразылық білдірді.

Олардың бәрі «Өзенмұнайгаз» компаниясынан жұмыс талап етті. Жұмыссыз қалған жаңаөзендіктер мәселеміз шешілмей министрлік алдынан кетпейміз деді. Олар таңды сол жерде атырды.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастапқыда мұнайшылардың талабы айқын еместігін айтқан.

Ал премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов  жаңаөзендік жұмысшылардың тендерден ұтылған компанияның қайтадан ұтып шығуын талап етуі дұрыс еместігін мәлімдеді.

Кейіннен жұмысшылар «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылығы ұсынған жұмыс орындарынан бас тартқаны хабарланды.

11 сәуір күні кешке пикет ұйымдастырған Жаңаөзен мұнайшыларын қауіпсіздік қызметкерлері ұстап әкетті. Жерлестерінің ұсталғанын естіген бойда Жаңаөзенде жергілікті кәсіпорындардың қызметкерлері Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, Астанада ұсталған жұмысшыларды босатуды талап етті.

Көп ұзамай Жаңаөзен қаласының әкімі жиналғандарға бейнеөтініш жасап, мәселені түсіндірді, сабырлыққа шақырды.

12 сәуір күні таңертең жаңаөзендік мұнайшылар үйлеріне қайтып бара жатқандарын мәлімдеп, жерлестеріне алғыс айтты.

Бас прокуратураның дерегінше, Астанада Жаңаөзеннен келген 126 адам ұсталған. Олардың бесеуі “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу” бабы бойынша ескерту түрінде жаза тағайындалған.

Бұдан бұрын “ҚазМұнайГаз” басшысы жаңаөзендіктермен үш жылдық келісімшарт жасау мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеген.

Ал Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Астанада ереуілге шыққан мұнайшылар мәселесін шешу үшін арнайы мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатқанын айтты.