Министрлік пен басқа да тиісті органдар қате болжам жасаған - Тоқаев Семейдегі өрт туралы

Ulysmedia

Мемлекет басшысы қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Семей орманы» табиғи резерватындағы алапат өрт салдарынан қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына көңіл айтты.

“Көңіл айтуға арнайы келіп отырмын. Бұл – бүкіл халқымыз үшін үлкен қасірет. Еліміздің қайғысы. Бекем болыңыздар. Орны толмас қайғы екенін түсінемін. Сіздерге жан-жақты көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырма бердім. Үкіметке немесе маған жеке өтініштеріңіз болса, айтыңыздар. Барлық өтінішті орындаймыз. Қаза тапқан азаматтар қайтып келмейді. Бірақ өмір жалғасады. Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бекем болыңыздар. Құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан болсын, барлық сала бойынша тиісті шаралар қабылданады. Қазір кеңес өткіземін. Бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз”,– деді Мемлекет басшысы.

Ол қаралы отбасыларға жан-жақты көмек көрсетілетінін атап өтті. Қаржылай да, басқа да көмек көрсетіледі.  Балалары балабақшаға, ЖОО-ға орналастырылады. 

“Мен, әрине, сіздермен біргемін. Сіздер – еліміздің азаматысыздар.

Мен сіздер үшін жауаптымын. Мен Мемлекет басшысы ретінде болған жағдай үшін кешірім сұраймын. Өте ауыр жағдай екенін түсінемін. Асыраушыларыңызды, отағасын, ең жақын туыстарыңызды жоғалттыңыздар. Өкінішке қарай, өмірде мұндай қайғылы жайттар болады.  Мұны ақтайтын ешқандай  себеп жоқ. Тағы да айтамын.  Моральдық және материалдық көмек көрсетіледі», – деді Тоқаев. 

Президент барлық қажеттілігіңіз бойынша тізім жасалатынын жеткізді.

“Бүгін – жексенбі, келесі аптада барлық мәселе шешіледі. Өтініштеріңіздің бәрі орындалады.

Министрлік және басқа да тиісті органдар апаттың ауқымы бойынша қате болжам жасаған.

Шұғыл шаралар қабылдап, өртті сол жерде өшіруі, кем дегенде оқшаулауы керек еді. Оны істемеген. Жағдайға салғырт қарады, біліктілік танытпады. Барлығы жазаланады», -дегенді де қосты Мемлекет басшысы.

Еске салайық, Абай ауданындағы 30 мың гектарға жуық аумақтағы өрт 9 маусымда басталған. Алайда кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды. Абай өңірінде ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, жаңа министр тағайындалды. Ол - Сырым Шәріпханов. Үкімет өрттен зардап шеккен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Өкінішке қарай, үш өрт сөндіруші мен орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты. Олардың 5-інің мәйіті анықталды. Адамдардың өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.