Биыл елімізде тасымалданған жолаушылар саны 11,9% өсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылдың 5 айында көліктің барлық түрімен 639,7 млн жолаушы тасымалданды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 11,9% артық. Оның ішінде ең жоғары өсім әуе көлігімен тасымалданған жолаушылар бойынша – 30,1%, троллейбуспен тасымалданған жолаушылар саны 22,5% өскен.
Автобус және пойызбен тасымалданған жолаушылар санының өсімі тиісінше 12,1% және 9,3%. Бұл ретте трамваймен тасымалданған жолаушылар саны 25%, такси жолаушыларының саны 2,2% азайған.
Аталған кезеңде жолаушылар айналымы 27,6 млрд ж-км құрады, көрсеткіш 17,1% артты.
“Тасымалданған жолаушылардың 29,3% Алматы қаласына тиесілі, сондай-ақ алғашқы үштікте Астана мен Қарағанды облысы, тиісінше 12,5% және 7,7%”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұдан бұрын Қазақстанда такси қызметімен айналысатындарға қойылатын талап өзгеретіні хабарланған.