Қарағанды облысында 80-нен астам киік өлексесі табылды

Ғалиасқар Думан

Әлеуметтік желілерде Қайнар ауылының маңында Құланөтпес өзенінде ондаған киіктің өлексесі табылғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

видеодан кадр

Қарағанды облысының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының мәліметінше, инспекторлар сол жерден 86 ақбөкеннің өлексесін тапқан.

Ұшалар тексерілді. Жануарларда аулау белгілері табылған жоқ. Алдын ала болжам бойынша, ақбөкендер өзеннен өтуге тырысқанда суға батып кеткен, деп жазады Ekaraganda.kz.

"Ақбөкендердің өлексесін тексеру барысында Құланөтпес өзенінен 86 бас төлдің мәйіті табылды. Жануарлар өлімінің себебі – олар өзеннен өте алмай суға батып кетті. Сонымен қатар, киіктердің өлексесі зақымданған, ұрғашы мен еркекті ажырату мүмкін болмады. Өлекселерді тексеру кезінде терінің жоғарғы қабатында оқ ату және тесу іздері табылған жоқ, қылмыстық белгілер жоқ", - деп хабарлады ведомстводан.

Жануарлардың өлекселері арнайы полигонға әкетіліп, жойылды.

Айта кетейік, елімізде киік саны 1,9 миллионнан асты.

Бұдан бұрын Мәжіліс депутаты Аян Зейнуллин киіктің санының көбеюінен шығынға батқан шаруалар мәселесін көтерген еді.