"Ресурстарды үнемдеу қажет": министр қыста төмен температураға үйренуге тура келетінін айтты

Ғалиасқар Думан

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров тұрғындарды қыс кезінде энергияны үнемдеуге шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

«20-21 градусты құрайтын қалыпты нормаларға үйрену керек. Қыста бұл температура қалыпты деп санаймыз, себебі ресурстарды үнемдеу қажет. Біздің елде адамдар үйдегі жоғары температураға үйреніп алған. Мұның салдары жылу беру желілеріне тым жоғары салмақ түсіріп отыр», - деді Ә. Қуантыров.

Оның айтуынша, жылудың қалыпты деңгейі 21 градус шамасында.

“Алайда тұрғындар қыста 23-25 градус жылуға үйреніп қалғандықтан, температураны тиісті нормаға түсіргенде, шағымдана бастайды”, – деді министр.

Сондай-ақ Қуантыров қыста терезені немесе балконды ашу арқылы пәтердегі жылуды реттемеуге шақырды. Ол үшін арнаулы құрылғыларды орнатып, энергияны үнемдеуге болатынын атап өтті.

Айта кетейік, бұдан бұрын Жоғары аудиторлық палатаның басшысы Наталья Годунова жылумен жабдықтау тарифтері көтерілмесе, елдің бірнеше өңірінде Екібастұздағыдай жағдай қайталануы мүмкін екенін айтқан.