Әлеуметтік желіде түнгі клубта хиджаб киіп билеп жүрген қыздар бейнеленген видео тарап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Шағын видеода түнгі клубта көңілді билеген қыздар көрінеді. Олар хиджаб киіп алған.
Бейнебаян авторы нағыз діндар арулардың түнгі клубта көңіл көтеріп жүргені қаншалықты дұрыс екенін сұрайды.
Ал жазбаның астына пікір білдірушілер екіге жарылған. Кейбіреулер қыздардың билеу, билемеуі өз ісі дейді. Басқалары, керісінше, хиджаб кигендіктен, мұндай орындарға бармау қажеттігіне сенімді.
Әлеуметтік желілерде Қазақстан мұсылмандары хиджаб кию керек пе, әлде бұл дәстүр шетелден келді ме деген дау сейілмей тұр.
Ал, елімізде соңғы кездері көрермені көп блогерлердің хиджаб кигенін байқауға болады.
Бір айта кетерлігі, қоғамда қазақтардың басын жабу әдеті болды ма деген тақырыпта талай дау-дамай, пікірталас туған.
Мәселен, тележүргізуші Динара Сәтжан қазақтың дәстүрлі ислам дінін жақтайтынын айтты.
«Біздің өз мәдениетіміз бен дәстүріміз бар. Біз кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек тарихымызды. Ал, санаулы онжылдықтар, тіпті жылдардан кейін біздің қазақ әйелдері қара хиджаб киіп жүрсе ше?! Біз оны қалаймыз ба? Мен мұны неге көтеріп отырмын. Өйткені мен блогерлерден хиджап кигені үшін ақша ұсынылғанын және сомалар өте үлкен екенін естідім. Мені қорқытатыны да осы», – дейді Динара Сәтжан.