Қазақстанның бірнеше жылу орталығында жөндеу жұмыстары мерзімінен кешігіп жатыр

Ғалиасқар Думан

Бұл туралы үкіметте орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктері басшыларының қатысуымен өткен жиында белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Үкімет басшысы бүгінде дайындық жұмыстарының барысында өте мұқият қарауды қажет ететін проблемалық мәселелер туындап жатқанын айтты. Атап айтқанда, бірқатар объект бойынша жөндеу жұмыстары мерзімінен кешігіп жүріп жатыр.

«Бұл мәселені біз жақында өткен Үкімет отырысында талқыладық. Дегенмен өзара үйлесімді, бірлескен іс-қимылды бұдан да күшейту қажет. Сондықтан осы жұмыстардың барлығын тағы да мұқият қарап, тікелей шешім қабылдаймыз», – деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр жылу беру маусымына дайындық мәселелері үлкен әлеуметтік маңызға ие екенін атап өтті, сондықтан қазірден бастап ірі апаттардың алдын алып, жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін қажетті шараларды қабылдау қажет.

«Атап айтқанда, ЖЭО және желілер иелерімен тікелей, тығыз жұмыс жасау маңызды. Мемлекет тарапынан станциялардың өтінімдеріне сәйкес тарифтер бекітілді. Бұл қаржыландыруды тартуға және жаңғырту жұмыстарын бастауға мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов. Сондай-ақ Үкімет басшысы энергетика саласын бақылауды күшейтудің және тиісті өңірлік штабтар жұмысының маңызын атап өтті.

Үкімет басшысы бірінші вице-премьер Роман Склярға және энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке кестеге сәйкес жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын жеке бақылау үшін республиканың энергетикалық нысандарын тексеруді тапсырды.

«Роман Васильевич, бүгінде сіз кесте бойынша Павлодар облысының энергетикалық нысандарын, оның ішінде Екібастұз ЖЭО-сын тексеруіңіз керек. Кеңес аяқталғаннан кейін тез арада жолға шығуыңызды сұраймын. Келесі аптада Алмасадам Майданұлы Риддер және Кентау ЖЭО-ларына барады», – деп түйіндеді премьер-министр.

Еске салайық, өткен жылдың қарашасында Клебановқа тиесілі Екібастұз ЖЭО-да апат болып, бірден 149 тұрғын үй жылусыз қалған еді. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындар қатарынан бірнеше күн бойы жылусыз отырды. Үйлердегі жылу батареялары жарылып, канализация желілері бүлінді. Қаладағы жағдайды тұрақтандыру жұмыстары созбаққа салынды.

8 ақпанда «Павлодарэнерго» АҚ бұрынғы бас директоры Вадим Лесин Екібастұз қаласын жылумен  қамту проблемасын жылыту маусымы аяқталғанға дейін шеше алмайтынын мәлімдеді.

Ақпан айының басында өңірге жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр Вадим Лесиннің жұмысын қатаң сынға алып, оның қызметінен босатылуын талап етті.

15 ақпанда компанияға жаңа басшы тағайындалды

Жуырда өңірлерді дамыту жөніндегі Парламенттік тыңдауда Екібастұздағы жылу мәселесі көтеріліп, сенатор Алтынбек Нұхұлы қаладағы жылумен жабдықтау жүйесіне жүргізіліп жатқан түгендеу жұмыстарының ұзаққа созылып кеткенін сынға алған болатын.

11 сәуірде Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр аудит аяқталғанын мәлім етті. Оның сөзінше, Екібастұз тұрғындары келесі жылыту маусымында жылудан таршылық көрмейді. Скляр ЖЭО-ның бір бөлігі мемлекет есебінен жөнделетінін жеткізді. Ал "Екібастұзжылуэнерго" өздеріне тиесілі қондырғыларды қаржыландырады. Екі жақтап қаржы көлемін арттырып, жылумен жабдықтау мәселесін шешу уәде етілді.

Бұдан бұрын жазғанымыздай, Екібастұз билігі өткен жылдың 28 қараша мен 8 желтоқсаны аралығында қаладағы жылу желілерінен шыққан апат салдарынан төтенше жағдай режимі жарияланған уақытта жұмсалған шығынды өндіріп алу үшін монополисті сотқа берген. Сот шешімі бойынша әкімдік компаниядан 22 млн теңге өндіріп алды.

Сонымен қатар, жуырда Екібастұздың жылу желілеріндегі апатқа кінәлі екі шендінің ісі сотқа жіберілгені белгілі болды.

Бүгінде Екібастұз жылу желілерінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мәжілісмендердің сынынан кейін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Екібастұз ЖЭО-дағы жағдайды өз көзімен көріп қайтуға уәде берді.