Қарағанды облысында аудандық мәслихат депутаты Анар Бозаева жол-көлік оқиғасына кінәлі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Полицияның хабарлауынша, оқиға 2 шілдеде Бұқар Жырау ауданында Ботақара – Доскей тас жолында болған.
"33 жастағы әйел көлік жүргізіп келе жатып, жолдан өтіп бара жатқан малды соқты. Кейін жүргізуші рульді басқара алмай, 8 және 16 жастағы кәмелетке толмаған балалар мінген мотоциклді соқты", - деп хабарлады полиция.
Жасөспірімдер ауруханаға жатқызылды.
Amanat партиясының баспасөз қызметі көлікті аудандық мәслихат депутаты Анар Бозаева басқарғанын растады.
“Аталған дерек полицияда тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері толық және жан-жақты тергеу амалдарын жүргізетін болады,”- деп мәлім етті полициядан.