Теннис сарапшысы Ерік Ильясов Елена Рыбакинаның әйгілі Серена Уильямстың жетістігін қайталағанын жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Лондонда өтіп жатқан Уимблдон турнирінде жерлесіміз Елена Рыбакина үшінші кезеңде Ұлыбритания теннисшісі Кэти Бултерді 6:1, 6:1 есебімен ұтып, жарыстың төртінші айналымына шыққан. Осылайша әйгілі АҚШ теннисшісі Серена Уильямстан кейін титул қорғаушы ретінде турнирдің алғашқы кезеңдерінде ұтылмай, төртінші раундқа жеткен бірінші теннисші атанып отыр”, – делінген автордың жазбасында.
Естеріңізге сала кетсек, жекелей сында 23 дүркін Үлкен Дулыға иегері Серена Уимблдонды 2015 жылы жеңіп, жетістігін 2016 жылы да қайталаған еді. Одан кейінгі чемпиондар келесі жылдары титулдарын қорғай алмай, жарыстың алғашқы кезеңдерінде-ақ жеңіліп отырған. 2017 - Мугуруза (Испания), 2018 - Кербер (Германия), 2019 - Халеп (Румыния), 2020 - өткізілмеді, 2021 - Барти (Аустралия), 2022 - Рыбакина (Қазақстан).
Қазақстандық Елена Рыбакина ширек финалға жолдама алу үшін Бразилия спортшысы Беатрис Хаддад-Майяға қарсы ойнайды. Қыздар осыған дейін өзара 2 рет кездескен. Екеуінде де бразилиялық солақай теннисші жеңіске жеткен. Матч дүйсенбі күні Орталық кортта өтеді. Уақыты әлі белгісіз.