1 теңгеге сатуға дайын болды: Клебановтың меншігіндегі ЖЭО қашан мемлекетке беріледі

Ғалиасқар Думан

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов олигарх Александр Клебанов өткен жылы отыз градустық аязда 100 мыңнан астам адамды жылусыз қалдырған Екібастұз ЖЭО-ға әлі иелік ететінін мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Коллаж: Ulysmedia.kz

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық жылу электр орталықтарын мемлекет меншігіне алу қажеттігі туралы айтқан болатын. Екібастұз ЖЭО иесі Клебанов мырза да жылу орталығын 1 теңгеге сатуға дайын екенін мәлімдеді.

Ulysmedia тілшісінің сұрағына жауап берген әкім Байханов жергілікті әкімшілікте ЖЭО-ны мемлекет балансына беру мәселесі көтерілмегенін атап өтті.

Ол орталық акционері ЦАТЭК компаниясы, оның ішінде Александр Клебанов, алдымен жөндеу жұмыстарына 10 миллиард теңге төлеуі керек екенін айтты.

Әзірге олар тек 4,5 миллиард теңге төлеген.

- Бұл мәселе қазір қаралып жатқан жоқ. Бізде 1 теңгеге ЖЭО сату туралы ешқандай сөз жоқ. Біздің міндетіміз – Клебанов акционерлерінің бірі болып табылатын ЦАТЭК компаниясы ЖЭО-ны қалпына келтіруге шамамен 10 миллиард теңге салуы. Бүгінгі таңда олар шамамен 4,5 млрд теңге салды. Олар жылыту маусымы басталғанға дейін 5,5 млрд теңге салуы керек, - деді ол.

Шенеуніктің айтуынша, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін орталықты мемлекет меншігіне алу мәселесін қарастыруға болады.

- Екібастұз ЖЭО жөнделгеннен кейін жабдықтар мен қазандықтар, ғимараттар мен құрылыстар ретке келтіріледі, біз бұл мәселені үкіметпен және мүдделі уәкілетті органмен талқылайтын боламыз, - деп толықтырды Байханов.

Еске салайық, өткен жылдың қарашасында Клебановқа тиесілі Екібастұз ЖЭО-да апат болып, бірден 149 тұрғын үй жылусыз қалған еді. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Тұрғындар қатарынан бірнеше күн бойы жылусыз отырды. Үйлердегі жылу батареялары жарылып, канализация желілері бүлінді. Қаладағы жағдайды тұрақтандыру жұмыстары созбаққа салынды.

8 ақпанда «Павлодарэнерго» АҚ бұрынғы бас директоры Вадим Лесин Екібастұз қаласын жылумен  қамту проблемасын жылыту маусымы аяқталғанға дейін шеше алмайтынын мәлімдеді.

Ақпан айының басында өңірге жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр Вадим Лесиннің жұмысын қатаң сынға алып, оның қызметінен босатылуын талап етті.

Өңірлерді дамыту жөніндегі Парламенттік тыңдауда Екібастұздағы жылу мәселесі көтеріліп, сенатор Алтынбек Нұхұлы қаладағы жылумен жабдықтау жүйесіне жүргізіліп жатқан түгендеу жұмыстарының ұзаққа созылып кеткенін сынға алған болатын.

11 сәуірде Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр аудит аяқталғанын мәлім етті. Оның сөзінше, Екібастұз тұрғындары келесі жылыту маусымында жылудан таршылық көрмейді. Скляр ЖЭО-ның бір бөлігі мемлекет есебінен жөнделетінін жеткізді. Ал "Екібастұзжылуэнерго" өздеріне тиесілі қондырғыларды қаржыландырады. Екі жақтап қаржы көлемін арттырып, жылумен жабдықтау мәселесін шешу уәде етілді.

Бұдан бұрын жазғанымыздай, Екібастұз билігі өткен жылдың 28 қараша мен 8 желтоқсаны аралығында қаладағы жылу желілерінен шыққан апат салдарынан төтенше жағдай режимі жарияланған уақытта жұмсалған шығынды өндіріп алу үшін монополисті сотқа берген. Сот шешімі бойынша әкімдік компаниядан 22 млн теңге өндіріп алды.

Сонымен қатар, жуырда Екібастұздың жылу желілеріндегі апатқа кінәлі екі шендінің ісі сотқа жіберілгені белгілі болды.

Бүгінде Екібастұз жылу желілерінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мәжілісмендердің сынынан кейін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Екібастұз ЖЭО-дағы жағдайды өз көзімен көріп қайтуға уәде берді.