Түркістан облысында тергеліп жатқан азаматтарды азаптаған 4 полиция қызметкері сотталды. Бұл туралы облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Прокурордың сөзінше, аймақта құқық қорғау органдары ғимаратына кіріп-шығу жағдайына бақылау күшейтілген. Сондай-ақ, полиция ғимараттарындағы «соқыр аймақтарды» жою бағытында 3 мыңнан аса бейнекамералар орнатылыпты.
«Соңғы жарты жылда прокуратураға тергеуге түскен азаматтарды азаптауға қатысты 25 арыз тіркелді. Биыл сот үкімімен азаптауға жол берген Ордабасы аудандық полиция басқармасының 4 полиция қызметкері бас бостандығынан айырылды. Бұл істі арнайы прокурорлар жүргізді», - деді Тілеубердиев.
Айта кетейік, жыл басынан бері елімізде азаптау фактілері бойынша күштік органдардың 35 қызметкеріне қатысты істер сотқа жіберіліп, 17 адам сотталды.
Жуырда ШҚО-да сотталғандар түрме қызметкерлерінің тегін дұрыс атамағаны үшін азапталғаны жайлы жазғанбыз.
Сондай-ақ, Атырау облыстық прокуратурасы азаптаулар жасады деген күдікпен Атырау қалалық полиция басқармасының 5 жедел уәкіліне қатысты қылмыстық істі сотқа жолдады.